429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан Конституциясына – 25 жыл

  • 261
  • UPD: 12:25, 30.08.2020
Қазақстан Конституциясына – 25 жыл

Бүгін Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданғанына 25 жыл толды.

Тәуелсіздік пен еркіндіктің, бірлік пен тұрақтылықтың тірегі саналатын мемлекеттік құжат бүкіл халықтың ерік-жігерінің көрінісі саналады. Конституцияның мәтінін жазуға заң ғылымының беделді академиктері, докторлары мен профессорлары жұмылдырылды. Көпшіліктің талқылауынан өтіп, әлемдік тәжірибені саралай отырып жазылған Ата заң мемлекеттің дамуына жол ашты.

Ұлан Нарынбек, тілші:

1995 жылдың 30 тамызында қазақстандықтар бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Конституциясының соңғы нұсқасын жақтап, дауыс берді. Ел өмірі үшін аса маңызды референдумға 7 миллионнан астам азамат қатысты. Конституция адам құқығы, билік, демократия және құқық қорғау секілді 4 құрылымды қамтыды.

Ақылбек Исабеков, заң ғылымдарының кандидаты, доцент:

- Конституция бұл дер кезінде, нағыз осы қазақ қоғамы осындай Конституцияға зәру болып тұрған кезінде туындаған, пайда болған заң.

Конституцияда мемлекеттің келешегін айқындайтын маңызды идеялар көрініс тапты. «Оның әрбір бабы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен жан-жақты талқыланып отырды», - деп еске алады заңгерлер. Ата заңның сапалы жазылуы үшін беделді профессор-академиктер жұмылдырылды. Конституцияны құрастырушылардың бірі – көрнекті ғалым, мемлекет қайраткері Нағашыбай Шәйкенов еді. Парасат-пайымы биік заңгер бастаған ғалымдардың тобы жауапты миссияға бар ықыласымен кіріседі.

Лидия Шәйкенова, Нағашыбай Шәйкеновтың жұбайы:

- Олардың құлшынысы да, көңіл-күйі де жоғары болды. Ол жерден шығармашылықтың лебі есіп тұратын. Қызу пікірталастардың өзі ерекше өтетін. Нағашыбай Аманғалиұлы өзі құрастырған Конституциясын мақтан тұтты. Ол: «Біздің Конституциямыз берік, онда мемлекеттің демократиялық дамуы үшін барлық қағидалар бар», - деп айтып отыратын.

Маңызды құжат әлемдік тәжірибені ескере отырып дайындалды. Оған Франция Республикасының 1958 жылғы Конституциясы арқау болды.

Тарихи-ұлттық ерекшеліктер мен мақсат-міндеттер де назардан тыс қалған жоқ. «Елімізде басқарудың президенттік формасы объективті фактілермен қабылданды», - дейді заңгер-ғалымдар.

Дәулет Байделдинов, заң ғылымдарының докторы, профессор:

- Ол кезеңде бізге президенттік басқару формасы өте қажет болды. Өйткені елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай қиын еді. Өз мойныңа жауапкершілікті алып, өте маңызды және ауыр шешімдерді қабылдауға тура келді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сондай қиын қыстау уақытта жауапкершілікті абыроймен алып шықты.

1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституция еліміздің тұрмыс-тіршілігін өзгертті. Қазақстанда нарықтық экономика құрылып, демократиялық қоғамның негізі қаланды. Азаматтық қоғам институттары қалыптасты.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы