431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейлік сарапшылар Тоқаевтың жолдауын талқылады

  • 227
  • UPD: 10:43, 04.09.2020

Ресейлік тарихшылар, саясаткерлер мен экономистер Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына қатысты пікір білдірді. Бұл жолы ҚР Президентінің Жолдауы Мәскеу төріндегі «Аругменты и факты» баспа үйінде өткен дөңгелек үстелге арқау болды. Басқосуда стратегиялық құжатта айтылған мәселелер бүгінгі қоғамның сұранысымен қаншалықты үйлесім тапқаны талқыланды.

Қазір әлем елдері үшін жаңа кезең туды. Пандемия кесірінен адамзат үйреншікті өмір сүру салтынан бас тартуға мәжбүр. ҚР Президентінің биылғы Жолдауында осы өзгерістер кеңінен қамтылған екен. 

Андрей Грозин, ТМД елдері институтының сарапшысы:

– Бұл түсінуге жеңіл, мазмұны барынша қарапайым, бірақ соған қарамастан қысылтаяңнан елді алып шығуға бағыт беретін маңызды құжат. Жолдауда айтылған мәселелер қоғам сұранысымен толық қабысады. Сондықтан жаңа жүйе жұртшылықтың көкейіндегі көп түйтілді дөп басқанына сенімім мол. 

Ғалымдардың пайымынша, күрделі әрі орындалуы ұзақ жобалардың дәуірі өтті. Сондықтан да  жолдау бұл алдымен, қарапайым, десе де, өмірлік маңызы бар істердің жиынтығы болуы керек. Ал құжаттың басты құндылығы адамға деген қамқорлықтан бастау алады.

Дина Аманжолова, Ресей тарихы институтының сарапшысы:

– Жолдауға өзек болған көп жайт, былайша түсінікті болғанымен олардың әрқайсысы өте маңызды. Өйткені мемлекет, демография, экономика, білім мен медицина бәрі бір-бірімен тығыз байланыста. Халықтың  өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. 

Леонид Крутаков, қаржы университетінің сарапшысы:

 – Әлеуметтік проблемаларға жіті көңіл бөлінген. Тек экономика ғана емес, ұлттың әл-ауқатын  жақсарту  назардан тыс қалмады. Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ адами капиталды дамыту, адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттеуге ден қойып отыр. Бұл әрине қуантарлық жағдай. 

Коронавирус кезіндегі дағдарыс мемлекеттік басқару тетігін қайта қарап, білім беру мен экономиканы өрістетудің өзгеше жолдарын іздеуге түрткі болды. Жолдауда құқық қорғау жүйесін реформалау, мемлекеттік аппарат, адам құқығын қорғау сынды мәселелерге баса мән берілуі Қазақстан үшін дағдарыстан кейінгі кезеңдегі дамудың жаңа бағытын айқындап берді. Басқосуда сөз алған ресейлік мамандардың ортақ пікірі осындай. 

Авторлар: Дана Нуржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы