429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Неміс қаржыгері Петер Тильс «Достық» орденімен марапатталды

  • 209
  • UPD: 20:50, 05.09.2020
Неміс қаржыгері Петер Тильс «Достық» орденімен марапатталды

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанның ГФР-дегі Елшісі Дәурен Кәріпов стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің (ҚГІК) бұрынғы тең төрағасы, бұған дейін «Deutsche Bank» АҚ-ның бас атқарушы директорының лауазымын атқарған Петер Тильске I-дәрежелі «Достық» орденін табыстады.

Марапаттау рәсімі салтанатты түрде ҚР-дың Берлиндегі Елшілігінің ғимаратында «Deutsche Bank» басқарма мүшесі Йорг Бонгарцтың, ГФР СІМ-нің «Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия» бөлімінің басшысы Анке Конрадтың, ГФР Экономика және энергетика федералдық министрлігінің сыртқы экономикалық саясат департаментінің директоры Экхард Францтың, «DB Engineering & Consulting» компаниясының бас директоры, биыл П.Тильстің орнына ҚГІК тең төрағасы лауазымына тағайындалған Нико Варбаноффтың, сондай-ақ ГФР-дың басқа да қоғамдық-саяси және іскер топ өкілдерінің қатысуымен өтті.

Елші Д.Кәріпов П.Тильске ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан екі жақты жемісті ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін жоғары мемлекеттік награданы табыстады.

«9 жыл бойы ҚГІК тең төрағасы лауазымын атқарған Тильс мырза экономиканың түрлі салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетті, бизнес өкілдері арасында байланыс орнатты», – деп атап өтті қазақстандық дипломат.

Мемлекет басшылығына осындай жоғары награда үшін ризашылығын білдіре отырып, П.Тильс Қазақстан мен Германия арасындағы қатынастарды одан ары дамыту мен диверсификациалаудың зор әлеуетіне тоқталды.

Петер Тильс – тәжірибелі банкир және қаржылық қызметтер басшылығында 40 жылдық еңбек өтілі бар. 1977 жылдан бастап ол «Deutsche Bank AG» компаниясында түрлі жоғары лауазымдарды иеленді, банктің Еуропа және Орталық Америка елдеріндегі аймақтық бөлімшелерін басқарды. Жоғары деңгейдегі кәсібилігі мен еңбек тәжірибесі арқасында 2007-2019 жылдар аралығында Қазақстан Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар Кеңесінің мүшесі болды.

Ақпарат ретінде: «Достық» ордені – Қазақстан Республикасының шетелдік азаматтарға халықтар арасындағы бейбітшілікті, достықты және ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін табысталатын жоғары мемлекеттік награда. П.Тильсті наградтау туралы тиісті жарлыққа ҚР Президенті 2020 жылғы 4 сәуірде қол қойды.

ҚР СІМ Баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы