Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр жұмыс сапарымен Атырау облысына барды.
Онда балық саласын дамыту бойынша ірі инфрақұрылымдық жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысын тексерді.
Сонымен қатар вице-премьер Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасы автомобиль жолын қайта жаңарту учаскелерін көріп, жауапты мемлекеттік орган басшыларының қатысуымен өткен шұғыл кеңеске қатысты.
Өз кезегінде мердігер ұйымдар тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар мен жоспарлары туралы баяндады. Жолдың жалпы ұзақтығы 893 шақырымды құрайды. Оның ішінде Атырау облысының аумағы арқылы 545 шақырым жол өтеді.
Роман Скляр құрылыс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтау міндетін қойды. Сондай-ақ ол тұрғын үй құрылысының барысымен де танысты. Баспана қолжетімділігін жақсарту мақсатында биыл мұнда 800 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету «7-20-25» және «5-10-20» мемлекеттік бағдарламалары арқылы іске асырылады.