420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Туризм саласын дамытуға берілген жерлер мемлекетке қайтарылады

  • 105
  • UPD: 13:13, 10.09.2020
Туризм саласын дамытуға берілген жерлер мемлекетке қайтарылады

Көкжайлау мен Бурабайдағы жерлердің бір бөлігі мемлекетке қайтарылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Сенат депутаттары тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа сәйкес елде туризм саласын дамытуға берілген, алайда мақсатына сай пайдаланылмаған жерлер қайтарылуы керек. Сондай-ақ депутаттар осы аймақтарды қайтару үдерісін де өзгерту қажеттілігін ерекше атап өтті. Мәселен, бүгінде онымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі ғана айналысады. Сенаторлар оған мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу керектігін жеткізді. Айта кетейік, кезінде бұл аймақтар су шаруашылығы, ел шекаралары мен қорғаныс саласына және түрлі туристік нысан салуға қажет деп бөлінген. Бұл өзгерістер нәтижесінде Жер кодексі мен Ерекше қорғауға алынған аймақтар туралы заңдар толықтырылады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Жаһандық экономиканың құлдырауы, пандемия, геосаяси ахуалдың қиындауы алдымызда тұрған басым бағыттарды айқындап алуға мүмкіндік берді. Осыған орай Президентіміз биылғы Жолдауында жаңа жағдайдағы барлық іс-қимылымызды нақты белгілеген болатын. Бұл басымдықтарды іске асыру үшін Парламентке үлкен міндет жүктелді. Себебі біз Мемлекет басшысының әр бастамасын сапалы заңдармен қамтамасыз етуіміз керек. Қасым-Жомарт Тоқаев алда қандай заңдар қабылдануы тиіс екендігін де көрсетіп берді.

Әбдәлі Нұралиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Мұндағы мақсат – пайдаланылмаған табиғи аумақтағы босалқы жерлерді қайтару тәртібін оңайлату. Бұл тізімде Бурабай және Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық парктерінің жерлері бар.

Хабар 24 телеарнасы