420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мұхтар Тілеуберді Қырғызстан және Үндістан СІМ басшыларымен кездесті

  • 94
  • UPD: 16:34, 10.09.2020
Мұхтар Тілеуберді Қырғызстан және Үндістан СІМ басшыларымен кездесті

Шанхай ынтымақтастық ұйымының сыртқы істер министрлері кеңесінің алаңында ҚР сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қырғыз Республикасы мен Үндістан Республикасының сыртқы істер министрлерімен кездесті.

Чингиз Айдарбековпен Қазақстан-Қырғызстан көпжоспарлы ынтымақтастығының өзекті мәселелері, сондай-ақ аса жоғары және жоғары деңгейдегі екіжақты сапарлардың қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Мемлекеттер арасындағы көлік қатынасын қалпына келтіру және екі республика азаматтарының шекарадан өту тәртібі егжей-тегжейлі қарастырылды. Қырғыз тарапы Қазақстанға коронавируспен күресте және қырғыз азаматтарын отанына қайтару бойынша бірлескен жұмыста көрсеткен қолдауы үшін ерекше ризашылығын білдірді.

Екі елдің СІМ басшылары халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін де қарастырды.

Субраманьян Джайшанкар Қазақстан мен Үндістан арасындағы саяси ынтымақтастық пен жоғары деңгейдегі сапарлармен алмасудың жоғары серпінін атап өтті.

Тараптар елдер арасындағы 2020 жылғы қаңтар-мамыр айларындағы тауар айналымы 1,57 млрд АҚШ долларын құрап, 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе өскенін ризашылықпен қабылдады.

С.Джайшанкар энергетика, инвестиция, фармацевтика және логистика саласындағы Қазақстан-Үндістан ынтымақтастығын одан әрі кеңейтудің маңыздылығына назар аударды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында өзара тығыз іс-қимылды жалғастыруға, сондай-ақ Нұр-Сұлтан мен Нью-Дели арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге бағытталған бірқатар іс-шараларды бірлесіп жүргізуге келісті.

Үндістан мен Қырғызстан Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске алдағы төрағалығын құптады.

Хабар 24 телеарнасы