426,25 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президент: Халықта жұмыс болса, дағдарыста даурығып қалмасымыз анық

  • 149
  • UPD: 22:45, 10.09.2020

Еліміздің оңтүстігіндегі ағайын теріскейге табан тіреп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халық тығыз орналасқан өңірден жұмыс күші аз аймаққа адам көшіру жобасы оң нәтижесін көрсеткен. Солтүстікке қоныс аударып келгендер әуелі баспаналы болады. Жұмыспен де қамтылады. Тұрғындардың жағдайын біліп, диқандармен жүздесу үшін Президент Қостанайдан соң Солтүстік Қазақстан облысына барды.

Қостанайдан келе салып, Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі егін алқабына табан тіреді. Бұл «Аби-жер» аталатын серіктестіктің жері. Мұнда да қазір науқанның қызған шағы. Егіннің шығымы жаман емес.

Қорған Төреқожа, тілші:

– Солтүстіктің жері берекелі ғой. Сол берекелі жерінің 4,2 миллион гектарына дән себілген. Оның 2,9 миллион гектары бидайдың үлесінде. Белгілі. Биыл жыл оңай болмады. Бірақ диқандар жаңа техниканың арқасында әр гектардан орташа есеппен 25 центнерден өнім алуда.

Нақтылай кетейік, гектарынан 25 центнерден айналып жатқаны «Аби-жердікі». 70 күн бойы жаңбыр болмаса да, диқандар егіннің бітік шыққаны тыңайтқыш пен жаңа техниканың арқасы дейді.

Иван Пискунов, комбайншы:

– Бұрындары техникамыз ескі болатын. Бүгінде паркіміз жаңарды. Заманауи трактор, комбайндардың арқасында егінді дер кезінде орып ала аламыз. Серіктестігіміз мемлекеттен субсидия алып отыр. Әйтеуір, еңбегіміз еш кетпеді.

Бұл бір ғана серіктестіктің есебі. Енді жалқыдан жалпыға. Облыс бойынша егіс алқабының осы күні 75 проценті орылған. Өңірдегі орташа шығымдылық – 14 жарым центнер. Осы жерде Президент айтты. «Майлы дақылдарға ден қою керек». 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Майлы дақылдарды экспорттайтын нарық жетеді. Әсіресе Қытай біздің майлы дақылдарды жоғары бағалайды. Бұл бағытта облысқа жақсы көмек, қолдау көрсетеміз. Жалпы алдағы уақытта да майлы дақылдардың өндірісін молайтуға көңіл бөлген жөн.

Орайы келгенде айта кетейік, осы облыста «CLAAS» аталатын неміс концерні ауыл шаруашылығы техникасын құрастырмақ. Бұдан не пайда? Бұдан пайда зауыт ашылған кезде диқандар неміс техникасын 50 процентке арзан бағаға сатып ала алады. Президент те егістік басында осы жобаның тиімділігін атап өтті.

Егінді аралап, диқандармен жүздескен соң Президент Чапаево ауылына барды. Бұл жақта Мемлекет басшысы оңтүстік аймақтан көшіп келген тұрғындармен жүздесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сіздердің осы жаққа көшіп келгендеріңізді қолдап отырмын. Қазір, мұғалім, дәрігерлердің жалақысын өсіріп жатырмыз. Сондықтан осы жақта да толыққанды жұмыс істеуге болады. 

Бұл ағайын оңтүстіктен неге көшіп келгенін айтайық. Екі жылдан бері облыста пилоттық жоба жүзеге асып жатыр. Мақсат – жұрт тығыз орналасқан, жұмыс күші көп аймақтан жұмыс күші аз солтүстікке адам көшіру. Сөйтіп халықтың еңбек етуіне жағдай жасау.

Осы мақсатта былтыр облыстың елді мекендерінде 420-дан аса үй салынған. Биыл тағы 790-ға тарта баспана бой көтереді. Ауылдардағы құрылыс үш жылда екі есеге өскен. Былтыр өңірге 736 отбасы көшіп келді. Биыл тағы 700 жанұя қоныс аудармақ. Келгендердің бәріне үй беріледі. Тұрғындар бұл баспананы 5 жылдан соң жекешелендіріп ала алады. Жұмыс та табылады. Жә. Ел бойынша солтүстікте ғана жүзеге асып жатқан пилоттық жобаның нендей нәтижесі бар дейсіз ғой. 

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

– Нәтижесі ауылдық жерлерде мұғалімдікке тапшылық толығымен жойылды. Дәрігерлердің тапшылығы 25 процентке азайтылды. Одан кейін біраз тракторшы, комбайншы, мал дәрігерлері бізге көшіп жатыр.

Көшіп келгендердің бірі – Дүйсенбі Оспанов. Отағасы отбасымен солтүстікке оңтүстіктегі Арыстан қоныс аударған. Балаларының алды грантпен жоғары оқу орнында білім алып жүр. Кенжелері мектепте. Өзі жұмыс істейді.

Дүйсенбі Оспанов, Чапаево ауылының тұрғыны:

– Климаты ұнаған соң осы жерде қалып, орналастым. Бір жылдан асты. Жақында грант алып, соған мал алдым. Жағдайымыз жақсы.

Осы жерде Президентке ауылдық округтің әкімі де баяндама жасады. Мемлекет басшысы келесі жылдан бастап ауыл әкімдері сайланатынын айтты. Айтты да, мұндай жаңашылдық демократияның айқын көрінісі деді. Нәтижесінде елді мекендердегі проблеманы шешуге әкімдердің өздері мүдделі болады. 

Осы сапар аясында Президентке облыс әкімі өңірдегі инвестициялық ахуалды баяндады. Аймақта осы күні жалпы құны 237 млрд теңге болатын 50 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Сөйтіп, алдағы уақытта 5 мың жұмыс орны ашылады. Сөзіміз дәйекті болғай. Ірі жобаның бірі – мына фанер шығаратын комбинат. Кезінде қирап, қаңырап жатқан бұл нысанды түрік азаматы жөндеп, ішін түгел қондырғымен жабдықтаған. Жаңа фанер комбинатын ашу үшін түрік инвесторы 1 миллиард 300 миллион теңгесін жұмсапты.

Огузхан Челик, кәсіпорын директоры:

– Петропавл қаласына келген себебіміз – осы жерде ақ қайың ағашының болғаны. Ал Түркияда ақ қайың ағашы жоқ. Мынадай сапалы ағаш жоқ. 800 мың куб бар мұнда. Бізге жылына 36 мың куб керек. Жоспарымыз бойынша пайдаланған ағашымызды Қазақстан нарығына, қалғанын Түркия, Өзбекстан, Еуропаға жіберуге тырысамыз.

Тағы бір инвестициялық жоба – аймақта жыл сайын 15 сүт фермасы салынады. 720 ірі қараға арналған бір ферма осы Президент барған Чапаевао ауылында бой көтеруде. Алдағы уақытта тағы 30 адам осы жерде еңбек етеді. Президент халықты жұмыспен қамтитын мұндай жобалардың санын көбейте беру керектігін айтты. Халықта жұмыс болса, дағдарыста даурығып қалмасымыз анық деді.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Жандос Битабаров, Бақытбек Нұртаев

Хабар 24 телеарнасы