424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы «Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалық институтында болды

  • 139
  • UPD: 23:48, 10.09.2020

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалық институтында болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

22 жылдың ішінде жаңа астананың дамуына мемлекеттен бөлінген әр 1 теңге республикалық бюджетке 2,8 теңге болып қайтарылды. Бес жылдан бері бас қала республикалық бюджет доноры аймақтарының қатарында деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

«Елорданың дамуы – елдің дамуы!». Бас қаласының аяқалысын Елбасы үнемі назарында ұстайды. Қазақтың кіндік қаласы білім мен ғылымның, бизнес пен инновацияның тамыр жайған мекені ғана емес, Ұлы дала елін ұлы мұраттарға бастап тұрған шаһар.

Қалада қолға алынған шаруа көп. Олар жайлы елорда басшысы Алтай Көлгінов Елбасына баяндады. Мәдени-әлеуметтік нысандардың құрылысы, инфрақұрылымды жаңарту, сондай-ақ көгалдандыру бойынша атқарылатын жоспарды таныстырды.

Расымен тоқсаныншы жылдары Астананы ауыстыру туралы шешім асығыстық деп қабылданған да болар, алайда заман өте келе бұл таңдау ерлікпен пара пар екендігін бәрі мойындады. Елбасы қала дамуының қарқынын айғақтайтын нақты дәлелдерді атады.

Міне, осымен бесінші жыл қатарынан Нұр-Сұлтан қаласы донар-аймақтардың санатында. Демек қала экономикасы қарқынды деген сөз.

Шаһарда құрылыспен бірге шағын және орта бизнес өркендеп келеді. Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі – 55 процент.

Қала білім хабына айналды деді Нұрсұлтан Назарбаев. Еліміздегі маңдайалды деген оқу орындары елордада орналасқан. Сонымен қатар Елбасы EXPO-ның барлық инфрақұрылымы жұмыс істеп тұрғанын айтты.

Алысты жақын ету. «Нұрлы жол» бағдарламасының көздегені осы еді. Барлық аймақ теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Енді міне сол тоғыз жолдың торабында елорда тұр.

Елорда – мәдени орталық. Таяуда құрылысы аяқталатын Қазақ драма театры шаһардың мәдени өміріндегі тағы бір елеулі оқиға болмақ. Елбасы қаланы жағалай қоршап өсіп тұрған орманның экологияның жақсаруына тигізген оң әсерін де атап өтті.

Үкіметтің, қала басшылығының алдындағы міндет – бас жоспар мен даму жоспарын жүзеге асыру. Бүгін Елбасы стратегиялық міндеттерді шешуді қамтитын даму жоспарын қабылдайтынын айтты. Бұдан бөлек, елордада қордаланған мәселелерге тоқталды.

Жиын соңында Қазақстанның Тұңғыш Президентіне Түркістан қаласында салынып жатқан Қазақ хандығының тарихына арналған мемориал жобасы таныстырылды.

Авторы: Дархан Әбдуахит

Хабар 24 телеарнасы