420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуроодақ Орта Азиядағы бес елдің шекарасын бекітуді көздеп отыр

  • 75
  • UPD: 12:13, 16.09.2020

Еуроодақ Орталық Азиядағы бес мемлекеттің шекарасын бекітуге шамамен 22 млн еуро жұмсауды көздеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл қаражат алдағы бес жылда арнайы бағдарламаны асыруға бөлінеді. Оған Ауғанстан да қатыспақ. Осы жобаның мақсаты – аймақтағы елдер арасында сауда ауқымын кеңейтуге арналған тиімді шекара жүйесін құру.

Еуроодақ 20 жылдан бері Орталық Азиядағы бес мемлекеттің шекараларын бекітуге көмектесіп келеді. Енді бұл елдердің қатарына Ауғанстанды да қоспақ. Одақ басшыларының айтуынша, бұл аймақтағы жағдайды тұрақтандырады. Қаражаттың бір бөлігі Ауғанстан мемлекеттік шекарасындағы өткелдердің техникалық жабдықталуына, мамандарды оқытуға, адамдардың қатынауы мен жүк тасымалын бақылайтын тиімді жүйе құруға жұмсалмақ.

Шарлотт Эдриэн, Еуроодақтың Қырғызстандағы ынтымақтастығы жөнінде бөлім басшысы:

– Ең басты мақсатымыз – Орталық Азиядағы мемлекеттердің шекаралық қызметтерінің әлеуетін көтеру. Есеп-қисап толық жасалып, өзара сауда ашық жүргізілуі керек. Осылайша заңсыз саудаға тосқауыл қойып, сауда ісіне Ауғанстанда да қоса аламыз. Бұл аймақтағы елдердің бәріне де пайдалы болмақ. 

«BOMCA» деп аталған еуропалық бағдарламаның басты міндеті – Орталық Азия аймағында лаңкестік пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы тұру. 17 жыл ішінде Еуроодақ бұл жобаны жүзеге асыруға 40 млн-нан астам еуро жұмсаған. Қаржының көбі Қырғызстан және Тәжікстан шекараларындағы өткелдерді арнайы техникамен жабдықтауға кетті. Еуроодақ болашақта да Орталық Азия аймағының қауіпсіздік органдары, кедендік құрылымдары, фитосанитарлық және шекаралық қызметтерімен бірлесіп жұмыс істуге ниетті.

Курманбек Исаков, Қырғызстан мемлекеттік шекаралық қызмет төрағасының орынбасары:

– Есірткімен айналысатын халықаралық ұйымдар бізге іргелес мемлекеттер мен еліміздің аумағын пайдаланатыны мәлім. Осыған байланысты мемлекеттік шекарамыз бен өткелдерімізді бекітуге тиіспіз.

Еуроодақ бағдарламасының тағы да бір маңызды бағыты – шекара қызметі мамандарын дайындау. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарына кеденшілер дайындайтын бағдарламалар енгізеді. Мысалға, солардың бірі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Дүниежүзілік кеден ұйымының сертификатын алған Орталық Азиядағы алғашқы оқу орны. Кеден ісі мамандығы бойынша осы университеттің дипломымен Еуропада да жұмыс істеуге болады.

Авторы: Бақыт Чермашев

 

Хабар 24 телеарнасы