427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев: Соңғы 30 жылда Қазақстан БҰҰ-ның жұмысына белсене араласты

  • 162
  • UPD: 00:16, 22.09.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының мерейтойлық сессиясында бейнеүндеу жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл Ұйымды құру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына 75 жыл. Ірі саясаткерлер сөз алатын жоғары деңгейдегі кездесуде біздің Президент не айтты?

Қорған Төреқожа, тілші:

- 1945 жылдың маусымында Біріккен ұлттар ұйымы құрылып еді. Білесіз, бұл талайлардың тағдырын талқандаған Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған тұс. Осылайша, сын-сағатта іргесі қаланған Ұйым талай сыннан өтті. Елдерді ортақ мүддеге біріктірді.

Ірі де іргелі Ұйымға Қазақстан да мүше атанды. Ұйымнан ойып тұрып орын алған біздің елдің Тәуелсіздік жылдарында қандай қызмет атқарғанын Мемлекет басшысы атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Соңғы отыз жылда Қазақстан БҰҰ-ның ең негізгі деген органдарының жұмысына белсене араласты. Оның ішінде Қауіпсіздік кеңесінде де қызмет етті. Еліміз басымдық берілген басты мәселелерден сырт қалмады. Атап айтқанда, халықаралық дау-дамайды шешу, ядролық қаруды таратпау, терроризммен күрес, конфессияаралық және ұлтаралық бітімгерлікті сақтау, мұхитқа шығар жолы жоқ дамушы елдердің мүддесін қорғау бойынша бірқатар ілкімді істер атқарылды.

Мемлекеттердің басшылары биыл әдеттегідей жиыла алмады. Себеп – әлемде коронавирус әлі бәсеңдемеді. Сондықтан кездесуге өзге сынды бейнебайланыс арқылы қатысқан біздің Президент «жаһан жұрты өткен қателіктерден сабақ алуы керек» деді. Өткенімізді бағамдай алмасақ, болашақты бағдарлай алмасымыз анық екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінгі жағдайға көз салсақ, жаңа кезеңдегі қиындықтар мен уақыт өте қайталанып жатқан бұрынғы мәселелерден қайта артқа кетудің қаупі бар. Мультилатерализм қазір қырғи-қабақ соғыстан кейінгі ең үлкен қатерге тап болды. COVID-19-ды жеңу де өкінішке қарай қиынға соғып тұр. Елдердің алға қойған стратегиялық тұрақты даму мақсаттары сәтсіз болуда. Тіпті кейбіреулер «БҰҰ-ның Жарғысында белгіленген міндеттердің орындалуы мүмкін емес» дегенді айтады. Өз елімнің Президенті әрі Ұйымның бұрынғы Жоғарғы басшылығының өкілі ретінде мен бұл пікірмен келіспеймін. Ортақ мүдде үшін үмітімізді үзбей, қорқыныш-үрейден арылуымыз керек деп білемін. Баршамыз ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін күш біріктіре беруіміз қажет. Біз заңға бағынатын қоғам құруды жалғастырып, заңсыздықтың орнауына жол бермеуге тиіспіз.

Осы іргелі ұйымның қазіргі бас хатшысы, сақа саясаткер Антониу Гутерриш те әлем елдері ортақ мүдде аясында тоғыспаса, іс өнбейтінін тілге тиек етті. Ортақ мүдделер аясында жұмылмасақ ілгерілеу болмайды. Кейін кетеміз.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Климат өзгеріп жатыр. Биоалуандылық бұзылуда. Әлемді кедейлік жайлап барады. Зорлық белең алды. Геосаяси қақтығыстар тыйылмай тұр. Ядролық қару әлі де жаппай қатер төндіріп отыр. Жаңа технологиялар жаңа мүмкіндіктерге ғана емес, өзге де қауіптерге жол ашып жатыр. Коронавирус пандемиясы жаһанның қаншалықты әлсіз екенін көрсетті. Сондықтан бұл сын-қатерлер біздің тағы да ортақ мүддеге жұмылуымызды көрсетіп берді.

Алқалы жиында Еуропалық кеңес төрағасы Шарль Мишель де сөз алды. Ол келешек мүлдем басқаша болатынын айтты. Соған сәйкес енді зияткерлікті дамытуға екпін бермек керек. 

Шарль Мишель, Еуропалық кеңестің төрағасы:

- Саяси көшбасшы ретінде мен адамның зияткерлігі біздің алдағы дамуымыздың кепілі екеніне сенім білдіремін. Қазір 1945 жылдардағыдай кез емес. Бір-біріміздің алдымызда жауапты болуымыз қажет. Коронавирус интеграция мен өзара серіктес болудың маңыздылығын айқындады.

Ал, алдағы 10 жылдың рөлі зор болады. Мұны біздің Президент айтты. Айтты да, Қазақстанның БҰҰ-ның Жарғысын іске асыруға бейбіт әрі әділ қоғам құруға өз үлесін қоса берерін және жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Келесі онжылдық 2030 жылға дейінгі тұрақты даму бағдарламасының күн тәртібін іске асыруда шешуші мәнге ие болады. Әрі сол кезең дағдарысты еңсеретін уақыт. Бұл ауқымды мақсатқа жету күш біріктіру мен жауапкершілікті талап етеді. Біз Бас хатшы Антонио Гутерриштің Ұйымдағы жетекшілігіне әрі оның жұмыс тиімділігін арттыруға, ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған қызметіне қолдау білдіреміз.

Ұлттар ұйымы дүние жүзіндегі барша адамзаттың мұң-мұқтажын қорғайтын баламасы жоқ бірегей әрі әмбебап қауымдастық екеніне дау жоқ. Бұл 75 жылда дәлелденген. Мерейтой аясындағы алқалы жиындар мұнымен бітпейді. Алда Бас Ассамблеяның жалпы дебаты өтеді.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Бақыт Топтаева, Рауан Мыңбай, ПТРК

Хабар 24 телеарнасы