432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан Президенті ГФР басшылығын Германияның біріккеніне 30 жыл толуымен құттықтады

  • 119
  • UPD: 00:18, 04.10.2020
Қазақстан Президенті ГФР басшылығын Германияның біріккеніне 30 жыл толуымен құттықтады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның біріккеніне 30 жыл толуына орай ГФР Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге және ГФР Федералдық Канцлері Ангела Меркельге құттықтау жеделхатын жолдады.

ҚазАқпарат бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәлиге сілтеме жасап хабарлайды.

«Германияның біртұтас мемлекет ретінде қайта қалпына келтірілуі ХХ ғасырдағы маңызды оқиғалардың бірі болғаны күмәнсіз. Сіздердің елдеріңіз теңдік пен бірлік, еркіндік пен әділдік сияқты құндылықтарды басшылыққа ала отырып, бүгінде Еуропаны дамытудың қозғаушы күші ғана емес, сондай-ақ, беделді держава болды. Елдің бұл жетістігі жаһандық деңгейде бүкіл әлемде мойындалды», – делінген Мемлекет басшысының Франк-Вальтер Штайнмайерге жолдаған хатында.

Қазақстан Президентінің Канцлер Ангела Меркельге жолдаған құттықтауында Германияның қазіргі уақытта саяси жүйесі күшті, экономикасы дамыған, ғылым мен білім, өнеркәсіп пен инновация салаларында жетістікке жеткен озық мемлекетке айналғаны атап өтілген. Мемлекет басшысы «Германия келешекте де дәйекті түрде ілгерілей береді және өз даму жолында биік белестерді бағындырады» деп сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев ГФР басшыларына жолдаған құттықтауында былтыр желтоқсан айында Берлинге жасаған сапарында қол жеткізген уағдаластықтарды жоғары бағалады. Сонымен қатар олардың жүзеге асырылуы Қазақстан мен Германия арасындағы көпжақты ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.

Хабар 24 телеарнасы