427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан сыртқы істер министрі Мажарстанға ресми сапармен барды

  • 193
  • UPD: 23:07, 10.10.2020

Будапешт қаласында ол венгрлік әріптесі Петер Сийартомен кездесіп, келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тараптар пандемия жағдайында екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзара іс-қимылын нығайту мәселелерін талқылап, негізгі жаһандық, өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ – Еуропалық Одақ, «Вышеград төрттігі + Орталық Азия бестігі» бағыты бойынша өзара іс-қимылды дамыту қажеттілігі атап өтілді. Кездесу соңында министрлер екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасында Дипломатиялық кадрларды оқыту саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР сыртқы істер министрі:

– Мажарстан – біздің жақын одақтасымыз. Сондай-ақ орталық пен Шығыс Еуропа аймағындағы елдер ішінде бізбен стратегиялық серіктестік орнатқан бірден-бір мемлекет. Бізді тек саяси және экономикалық мүдделер ғана емес, ортақ тарихи, түптамыр, туыстық және бауырластық қатынастар біріктіреді.

Петер Сийарто, Венгрия сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі:

 Бүгінде бізге миграциялық қауіп төніп тұр. Терроризм және діни экстремизммен күрес өте маңызды. Қазақстанның осы салада атқарып жатқан жұмысын біз өте жоғары бағалаймыз. Еуропалық одақ пен сіздің ел арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Енді визалық режимнің жеңілдетілуіне байланысты жұмыс істеп жатырмыз.

Бұдан бөлек, еліміздің Сыртқы істер министрі Қазақстан-Мажарстан стратегиялық кеңесінің төртінші отырысы аясында Мажарстан Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Михай Варгамен де кездесті. Екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектрін қамтыған отырыста тараптар саяси диалогты кеңейту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды жандандыру перспективаларын талқылады. Жиын соңында министрлер бұл отырыстың Қазақстан-Мажарстан қатынастарына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Хабар 24 телеарнасы