428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ЕАЭО туралы шартқа өзгеріс енгізу туралы заң қабылданды

  • 85
  • UPD: 13:10, 15.10.2020
ЕАЭО туралы шартқа өзгеріс енгізу туралы заң қабылданды

Бүгін Сенат депутаттары «Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу, сондай-ақ жекелеген халықаралық шарттардың қолданысын өзгерту және тоқтату туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, хаттама былтыр Ереванда әзірленген. Құжат одақ елдерінің аумағына тасымалданатын тауарға салынатын кедендік баж сомасын айқындау нормативтерін бекітуді көздейді. Бұл нормативтер 5 мемлекеттің үлесін белгілейді. Хаттамада көрсетілген талаптардың орындалуын одақ елдерінің уәкілетті мекемелері жыл сайын тексереді.

Заң жобасы бойынша Қазақстан үшін кедендік баж нормативі 7 проценттің деңгейінде. Бұл ретте сенат депутаттары ресейлік кәсіпкерлердің қазақстандық әріптестеріне қарағанда мүмкіндігі көп екеніне тоқталды. Дәурен Әділбековтің айтуынша, екі елдің арасындағы қосымша құн салығында да айтарлықтай айырмашылық бар көрінеді. 

Дәурен Әділбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Ресейлік импорттаушы кәсіпкерлер біздің экспорттаушылардың алдында басымдыққа ие. Ресейде қосымша құн салығы – 20 процент, бізде – 12. Мұндай жағдайда әрі қарай не істеу керек? Ресейлік кәсіпкерлер өз тауарын өткізуде және жарнамалауда зор мүмкіндікке ие болып отыр. 

Руслан Дәленов, ҚР ұлттық экономика министрі:

– Әрине, әлі де сұрақтар бар. Оларды біз сұр тізім деп атаймыз. Алкоголь өнімдері, акциз өнімдері, демпингке қарсы бажды зерттеу, бәсекелестік және мемлекеттік сатып алуға қатысты сұрақтар үнемі туындайды. Олар еуразиялық экономикалық комиссия отырыстарында да талқыланады. Қосымша құн салығына келсек, Ресей өз шекарасында сырттан келетін тауарды 20, ал Қазақстан 12 процентпен қарсы алады. Қосымша құн салығы жоғары мемлекет бәсекеге қабілеттірек. Дегенмен біздегі 12 процент экспортты жылдамырақ жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Хабар 24 телеарнасы