425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті орган болады

  • 136
  • UPD: 13:08, 23.10.2020
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті орган болады

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру жөніндегі баспасөз конференциясында «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Осылайша министр 2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заң арқылы азаматтардың «Ашық Үкімет» порталы базасында ақпаратты еркін алуға және таратуға конституциялық құқығы іске асырылып жатқанын еске салды.

Естеріңізге сала кетейік, портал аясында 4 платформа жұмыс істейді: ашық деректер, Ашық бюджеттер, Ашық НҚА және ашық диалог. Аида Балаева бір ғана «Ашық диалог» платформасында бірінші басшылардың блогтарына 367 мыңнан астам өтініш берілгенін айтты.

Сонымен қатар министр: «Дегенмен де қоғам тарапынан порталға жүктелген мәліметтерге қатысты орынды сын-пікірлер де айтылып жүр. Атап айтқанда, кейбір ақпараттар оқуға ыңғайсыз, ұғынықсыз формада ұсынылады, сұрақтарға дер кезінде жауап берілмейді», – деді.

Осыған байланысты Президент өз Жолдауында ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті.

Министрдің айтуынша, түзетулер екі міндетті шешуді көздейді:

  1. бақылау мен жауапкершілікті күшейту;
  2. Ақпаратқа қол жеткізу туралы Заңның жекелеген нормаларын қолдану аясын кеңейту.

Осылайша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті органның функциялары берілетін болады және Мемлекет басшысына ақпаратқа қол жеткізу саласының жай-күйі туралы жыл сайын есеп тапсырылып отырады.

Бұдан басқа ақпарат иеленушілерге кәсіпкерлік субъектілері мен олардың бірлестіктерін, мемлекеттік органдардың функцияларын жүзеге асыратын өзін-өзі реттейтін және үкіметтік емес ұйымдарды жатқызу ұсынылады.

Әзірленген түзетулер қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде қаралатын ақпарат мәселелері жөніндегі заң жобасына енгізілді. Жыл соңына дейін заң жобасы Президенттің қол қоюына кіргізілуі тиіс.

Хабар 24 телеарнасы