422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қ.Тоқаев: ШЫҰ ынтымақтастық пен өзара сенімділікті нығайтудың тиімді құралына айналған

  • 97
  • UPD: 23:25, 10.11.2020

Ел Президенті Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саммит қорытындысы бойынша бірқатар маңызды құжат қабылданды. Ел басшылары жиылған алқалы мәжілісте Қасым-Жомарт Тоқаев не айтты? Қандай бастама көтерді? Қорған Төреқожа сөз саптайды.

Жиында сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі Эмомали Рахмонды Тәжікстанның Президенті болып қайта сайлануымен құттықтады. Осыдан соң Мемлекет басшысы «Шанхай ынтымақтастық ұйымының» маңызын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Құрметті әріптестер, өткен 20 жылдың бедерінде ауқымды істер атқарылды. Үлкен жолдан өттік. Шанхай ынтымақтастық ұйымы сәтті жұмыс істеп келе жатқан халықаралық құрылымға айналды. Бұл ұйымға мүше елдер жер шарының 4-тен бір бөлігін, жаһандағы халықтың 40 процентін, әлемдік жалпы ішкі өнімнің үштен бір бөлігін қамтып жатыр. Бұл ынтымақтастық пен өзара сенімділікті нығайтудың тиімді құралына айналған ұйым.

Коронавирус әлемдік қоғамдастықты бұғаулап тастады. Өзара ынтымақтастықтың құнын ұғындырды. Өзгені айтпағанда алпауыт елдердің арасындағы шиеленіс те күрделене түсті. Дағдарыс бүйірден қысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі бойынша әлемдік экономиканың құлдырауы биылғы жылдың қорытындысы бойынша 4,4 процентке жетеді. Туристердің ағыны шамамен 70 ал, тікелей инвестициялар 40 процентке дейін қысқарады. Ұйым қиын жағдайларға бейімделуі үшін біз тиімді шешімдер қабылдауымыз қажет. Шанхай ынтымақтастық ұйымы бұл үдеден шығарына сенімдімін.

«Досың қиындықта сыналады» деген аталы сөз бар. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше елдерге қарата айтты. Осы арқылы Президент қиын жағдайда мемлекеттер бір-біріне көмек беруі маңызды екенін меңзеді. Томаға тұйық отыратын кез емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Пандемиямен күрес ұзаққа созыларын жақсы білеміз. Індет адамдардың денсаулығына ғана емес, экономикаға да залалын тигізері ақиқат. Төнген қауіптерге қарсы бірлесіп әрекет етудің кешенді жоспары – бұл эпидемияға қарсы ұжымдық жауап болмақ. Оның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұраны аясында аурулар мен биоқауіпсіздікті бақылап отыру үшін өңірлік орталықтардың желісін құру туралы біздің бастамамыз маңызды деп санаймыз.

Сепаратизм, терроризм, экстремизм деген қауіптер бар. Қай кезде де қатер төндіреді. Әсіресе интернетте. Ғалам қазір онлайн байланысқа өткенде мұның қаупі артпаса сейілмеді. Сондықтан Президент ақпараттық қауіпсіздікке басымдық бере сөйледі. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Шанхай ынтымақтастық ұйымының Террорға қарсы өңірлік құрылым базасында Ақпараттық қауіпсіздік орталығын жедел құру қажет деп санаймыз. Шанхай ынтымақтастық ұйымы үшін Ауғанстанды қайта қалпына келтіру мәселесі өзекті болып табылады. Қазақстан Ауғанстанды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан оңалту үшін ынтымақтастықты жалғастыруға дайын. Бүгінде «үш зұлымдық» күш қолдану арқылы жеңу мүмкін емес екені айқын болды.

Президент ұйым үшін мерейтойлық алдағы жылды ШЫҰ-ның мәдениеті жылы деп жариялауды қолдаймыз деді. Себебі осы арқылы экстермизм, терроризм, сепаратизмге қарсы рухани құндылықтар дәріптеліп, мәдени мұралар әспеттеледі. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Барлығымыз биотерроризмнің қатеріне байланысты тәуекелдерді жақсы түсінеміз. БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясы барысында биологиядық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынған едім. ШЫҰ бойынша әріптестер тарапынан бұл мәселеде қолдау болатынына сенім артамын.

Қазір елдер арасында тауар тасымалы да бәсеңдеді. Баяғы қарқын жоқ. Үміт ұйымды дамытуға арналған стратегиялық жоспарда. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Протекционизмнің күшеюі және тауар тасымалдауға қатысты халықаралық тізбектің үзілуі ұйымымыздың экономикалық әлеуетін жедел айқындау қажеттігін көрсетіп отыр. ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі іс-қимылдар жоспарының бекітілуі өзара сауда-саттықты қалпына келтіруге және арттыруға септігін тигізеді деп үміттенеміз. Аталған міндеттің шешілуі жобалық іс-әрекеттердің қаржыландырылу тетігін қалыптастыру жөніндегі келіссөздерді тездетуді талап етеді. Өзара есеп айырысуда ұлттық валюталардың рөлін біртіндеп арттыру, сондай-ақ Еуразиялық қаржыландыру, кеңес беру механизмін қалыптастыру жөніндегі Жол картасы сияқты шаралардың қабылдануы бұл жұмысқа тың серпін берер еді.

Әлем экономикасының үштен бірін алып жатқан алып ұйымға мүше мемлекеттер өзара сауда-саттықтың тиімді жолдарын құруы қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу, бір жол» мегажобасының дамуы ортақ күш-жігерді біріктіреріне сенім білдірді. Президент біздің ел инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларды бірлесіп атқару мақсатында қажетті шараның барлығын қабылдайды деді. Логистика өз алдына. Мемлекет басшысы экологияны да назардан тыс қалдырмады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз экологиялық проблемаларды және оның мемлекеттеріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы барысындағы теріс салдарын назарда ұстауға міндеттіміз. Сондықтан Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің тиісті ведомстволары аталған проблема бойынша өзара іс-әрекетін күшейтуі аса маңызды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Экологиялық проблемаларының реестрін жасау бұл бағыттағы жұмыстардың жай-күйін тұтас көруге мүмкіндік берер еді. Бұл – шұғыл ұжымдық шешімді талап ететін мәселе.

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына және БҰҰ-ның құрылғанына 75 жыл болды. Ал 2021-де Шанхай ынтымақтастық ұйымына 20 жыл толады. Осынау тарихи кезең – қол жеткізген табыстар мен кеткен кемшілікті таразылайтын уақыт. Қазір халықаралық әріптестік аясын кеңейту маңызды. Сондықтан біздің ел Шанхай ынтымақтастық ұйымының өзге де халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатуын құптайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойы – бұл оның елеулі жетістіктерін атап өтуге ғана емес, сондай-ақ осал тұстарымызды анықтап, «әттеген-ай» дейтін жерлерімізді ой елегінен өткізіп, одан пайдалы сабақ алу үшін жақсы мүмкіндік. Сондықтан хатшылыққа ұйымның тетіктері мен органдарының қызметін жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар енгізе отырып, Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмысына жан-жақты талдау дайындауды тапсыруды ұсынамын. Халықтарымыз Шанхай ынтымақтастық ұйымына үлкен үміт артады.

«Шанхай рухын» нығайтпақ қажет. Біздің Президент осыны айтты. Әріптестерін ортақ міндеттерді шешу жолында біргуге шақырды. Саммит қорытындысы бойынша жиыны 16 құжат қабылданды. Атап айтсақ, ұйымның даму стратегиясын жүзеге асырудың 2021-2025 жылдар аралығындағы іс-қимыл жоспары бекіді. Ауылдық аймақтарды дамыту жөніндегі тұжырымдама қабылданды. Мемлекеттер аймағындағы эпидемиялық қауіп-қатерге қарсы іс-қимылдың бірлескен кешенді жоспары жарияланды.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Рауан Мыңбай

Хабар 24 телеарнасы