423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Н.Назарбаевтың төрағалығымен ҚХА кеңесінің отырысы өтті

  • 123
  • UPD: 23:00, 11.11.2020

Мектеп бітірген әр бала қазақ тілінде жазып, оқып, сөйлей алатындай жағдай жасауымыз керек. Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысында Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Елбасы бірлікті нығайту ісінде қазақ тілінің әлеуеті зор екенін айтты. Биыл Ассамблеяның құрылғанына 25 жыл толды. «Ортақ шаңырақтың астында биік мақсаттарға» деп айдар таққан жиында тағы қандай өзекті мәселелер көтерілді? 

Ассамблеяны бірліктің ұйытқысы, берекенің бастауы, татулық пен тұрақтылықтың кепілі деп жатады. Қалай сипаттаса да жарасымды. Халықтың бірлігін нығайту әрқашан мемлекеттік саясаттың өзегі болған. Әрі бұл өзгермейтін өлшем. Осы тұста Ассамблея қызметінің маңызы зор. Ширек ғасырлық уақыт соны дәлелдеп отыр. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы:

- Мерейтойлық меже өткенге көз жүгіртуге себеп болып отыр. Ертеңгі күнге деген сенімсіздік, сол кезде-ақ өзіміз үшін бір нәрсені анықтадық. Басты байлығымыз бірлік болуы керек. 

Ассамблея әбден қалыптасқан, орныққан құрылым. Егер әріге көз тастайтын болсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясы алғаш рет 1992 жылы айтылды. Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған форумда Нұрсұлтан Назарбаев осындай бастама көтерді. 1995 жылы Ассамблеяны Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы шықты. Бертін келе қоғамдық-саяси ролі күшейтілді. Нақты айтсақ, конституциялық мәртебе берілді, Мәжіліске тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. 2008 жылы Президент «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы Заңға қол қойды. Бұл әлемде баламасы жоқ құжат болатын. Осылайша Ассамблея Қазақстан саяси жүйесінің толыққанды субьектісіне айналып, құқықтық негіздері айқындалды. 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы «Туған жер» жобасының нәтижесі жақсы. Ассамблея Төрағасы бұған жеке тоқталды. Жоба жүзеге асқалы бері 12 мың меценат бұл іске белсенді араласқан. 270 млрд теңгеден астам қаржы бөліп, 5 мыңға жуық мәдени-әлеуметтік нысанды жаңартуға септігін тигізіпті. Нұрсұлтан Назарбаев игі бастаманы жалғастыру керек деді. Содан соң Елбасы қазақ тілі мәселесіне жеке тоқталды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы:

- В 1991 году государственным языком владели лишь 37 процентов населения. Сегодня ситуация кардинально другая. По оценкам, госязыком владеет более двух третьей. Если 20 лет назад в вузах на казахском языке обучалось 27 процентов, то сегодня 83 процента. Раньше была проблема найти человека неказаха, говорящего на казахском языке, сейчас это не редкость. 

Қазақ тілі ынтымақты ырыс ете алады. Елбасы мемлекеттік тілдің елдің бірлігін бекемдеуге келгенде әлеуеті зор екенін айтты. Этносаралық қарым-қатынастың тілі болуға болуға барлық мүмкіндік бар. Тек тілді меңгергендердің қатарын біртіндеп көбейтпек керек. 

Бірлік пен келісімнің қазақстандық моделінің өз тәжірибесі бар. Елбасы сол модельдің интеграциялық әлеуетін тиімді жүзеге асыруға мән беру керектігін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев этносаралық қарым-қатынастағы қазақ халқының тарихи ролі мен жауапкершілігіне де тоқталды.  

Этнос өкілдерінің Қазақстанның дамуына қосып жатқан үлесі айрықша. Сол әлеуетті дамыту беру керек деді Елбасы. Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев этностар көп шоғырланған орындарға қатысты пікір білдірді.

Белгілі қазақстандық қаламгерлердің шығармалары әлемнің алты тіліне аударылды. Бұл да «Рухани жаңғыру» аясындағы бір игі іс. Елбасы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Енді міне біраз туынды ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдеріне тәржімаланды. Қиын сәттерде бүкіл Қазақстан жұдырықтай жұмыла біледі. Биыл болған біраз оқиға соған дәлел.

Этникалық топтар мен діни конфессиялар арасындағы өзара құрметті арттыра түсу, келісім мен тұрақтылықты нығайту мерейлі жылға арқау болуы тиіс еді. 25 жылдыққа жоспарланған іс-шаралардың дені осы бағытты қамтыған. Алайда карантин біраз іске қолбайлау болды. Бірақ қиындық қайраттандырды, бірлікті бекемдеді. Төтенше жағдай жарияланған күннен бастап волонтерлер қоғамның әлсіз топтарына көмек көрсетті.

«Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп». Күлтегіннен қалған өсиет қай заманда да өзекті. Ел іші тату болса, береке кіреді. Бейбітшілік бар жерде экономика өркендейді, саясат салмақты болады. Құбылмалы әлемде ешқашан өзгермейтін бір құндылық барын Елбасы ылғи айтады. Ол қоғамдағы бірлік пен ұлтаралық келісім. Осы құндылықты кейінгі ұрпаққа аманаттау парыз. Әсіресе қазіргі алмағайып тұста елдің ішкі бірлігі бағалы. 

Жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының жаңа орынбасарлары таныстырылды. Енді орынбасарлық міндетті «Kazakh TV»  арнасының директоры Майя Бекбаева мен Алматы облысы Ұйғыр мәдениет орталығының жетекшісі Закиржан Кузиев атқаратын болады.

Авторлар: Дархан Әбдуахит, Қорған Төре-қожа

Хабар 24 телеарнасы