423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысының әкімі өңірдегі хал-ахуал бойынша есеп берді

  • 96
  • UPD: 18:20, 18.11.2020

Қарағанды облысында биылғы жылдың 10 айында 2000 шақырым жол жөнделіп, бір миллион тоннадан астам астық жиналған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елді мекендерді ауызсумен қамту үшін Кеңгір су қоймасынан бір шақырым резервтік су тартқыштың құрылысы аяқталды. Облысқа он айда 530 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинге мәлімдеді.

Кенді өлкеде халықты орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету бойынша 90 жоба іске асырылып келеді. Бұл мәселе әсіресе Жезқазған өңірінде өткір тұрған. Елді мекенді ауызсумен қамту үшін жеке өндіріс орыны есебінен Кеңгір су қоймасынан бір шақырым резервтік су тартқыш салынды. Жалпы Қарағанды облысы жеке инвестиция тарту бойынша бірнеше жыл алдына жан салмай келеді. 

Жеңіс Қасымбек, облыс әкімі:

– Үш жыл бойы облыста жеке инвестициялардың жоғары өсімі байқалады. Он айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға 530 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Оның 83%-і жеке инвестициялар, ал 35%-і шетелдік инвестициялар болып табылады. Тағы 2 трлн теңгеге 45 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Онда 12,5 мың жаңа тұрақты жұмыс орны пайда болады.

Денсаулық сақтау саласына келсек, осы жылы өңірде 49 денсаулық сақтау нысаны жөнделді. Шағын қалалардағы инфекциялық бөлімдер күрделі жөндеуден өткізілді. Жезқазғанда 200 орындық модульді госпиталь салынды. Желтоқсанға қарай КВИ емдеуге арналған төсек саны 5200-ге дейін жеткізіледі.

Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:

– Президенттің тапсырмасы бойынша тұрғындарды тестілеуді арттырдық. Қазір облыста тәулігіне 10 мың сынақ өткізе алатын 8 ПЦР зертханасы жұмыс істейді. Пандемия басталғаннан бері облыс аумағында 285 мың сынақ өткізілді.

Агроөнеркәсіп кешенінде де ауыз толтырып айтар дүние бар. Бүгінде жалпы сомасы 33,3 млрд теңгеге 1567 жұмыс орны құрылып, 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Өңірдегі 126 көкөніс сақтау қоймасы толтырылған. Сондай-ақ резервтік және тұрақтандыру қорлары құрылып, қажетті мөлшерде астық жиналған. Сондықтан бұл бағытта тауар тапшылығы және бағаның күрт өзгеруі болмайды деген сенім бар.

 

 

Хабар 24 телеарнасы