422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қ.Тоқаев қазақстандықтарды уақытша шектеу шараларына түсіністік танытуға шақырды

  • 104
  • UPD: 00:07, 17.11.2020

Пандемия кезінде отандық дәрігерлер коронавирустың симптомдарын тез анықтап, онымен күресуге бейімделді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Денсаулық сақтау саласы нығайып, жаппай тестілеу жолға қойылды. Бизнес қалыптасқан жағдайға сай қызмет етіп келеді.

Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен коронавирусқа қарсы іс-қимыл шаралары жөніндегі кеңесте айтылды. Кей өңірлерде індет қайта белең ала бастаған. Сондықтан шұғыл шешімдер қабылдау қажет. Әсіресе, вируспен күресте ең басты құрал – ауру жұқтырғандардың нақты санын білу деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеудің де жалғасатынын және елде ресейлік вакцина өндірісі басталуы мүмкін екенін айтты.

Коронавируспен күресте отандық дәрігерлердің біліктілігі артқаны жөнінде бүгін Президент айтты. Індет елде алғаш таралған кезде медицина қызметкерлері инфекцияның белгілерін бірден анықтай алмады. Қазір жағдай басқа. Тұтас денсаулық сақтау саласының әлеуеті артты. Халықты жаппай тестілеу жолға қойылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бизнес өкілдері де жаңа ахуалда жұмыс істеуге бейімделе бастады. Ең бастысы, азаматтарымыздың пандемияға деген көзқарасы өзгерді. Пандемияның екінші толқыны көптеген белгі бойынша өзгеше болмақ және ел экономикасы үшін күрделі кезеңде өтпек. Біз мұны ескеруіміз керек.

Бірқатар өңірде қазір қауіпті дерт қайта өршіді. Оны жұқтырғандар саны артып келеді. Демек, жүйелі шараларды қолға алу қажет. Мемлекет басшысы өз сөзінде вирус жұқтырғандардың барынша нақты есебін алу онымен күрестің басты талабы екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бірқатар облыстарда коронавирусқа қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталды. Әңгіме Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай және басқа да облыстар жайында болып отыр. Өтірікті шындай сөйлету аса қауіпті құбылыс екенін түсіну керек. Өйткені ол шынайы қауіптің бетін бүркемелейді. Сондай-ақ бүкіл еліміз бойынша коронавирусқа қарсы жүргізіліп жатқан күрес стратегиясына зиянын тигізеді. Қазіргі ахуал жете бағаланбай, қабылданған шаралар толық жүзеге асырылмай отыр. Халықтың індеттен сақтану деңгейі төмендеп кеткен. Бұл – аксиома. Мұндай жағдай әлемнің көптеген елінде байқалды. Осы проблеманың біздің денсаулық сақтау жүйемізде де созылмалы сипат алғанын мойындауымыз керек.

Елдегі коронавируспен күрес шараларына әскери медицина өкілдері де дайын болуы қажет. Бұл туралы да Президент бүгін тапсырма берді. Себебі, жүргізілген бағалау қорытындысы бойынша медициналық ұйымдардың дайындық деңгейі әлі төмен. Ауруханаларда оқшаулау орындары дұрыс жабдықталмаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Шын мәнінде, барлық өңірде жан сақтау бөлімшелерінің тиісті құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілмегені көрінді. Атап айтқанда, жағдайы ауыр науқастарды емдеуге қажетті жекелеген дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың жетіспеушілігі байқалады. Өңірлер емдеу хаттамасында көрсетілген дәрі-дәрмектерді емес, өздерінің білгені бойынша препараттар сатып алуда.

Көктемде дәрі жетіспеушілігі көптеген қазақстандықтың өліміне себеп болғаны белгілі. Енді мұндай жағдай қайталанбауы керек. Үкімет әкімдермен бірлесіп, бекітілген емдеу нормалары мен хаттамаға сай дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдардың сатып алынуын қатаң қадағалайды. Президент елдің фармацевтика саласында халықтың басына түскен қиындықтан көбірек пайда табуды көздеген картельдер барын айтты. Олардың ісімен енді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен Мемлекеттік кіріс комитеті айналысады. Бұған қоса, президент мемлекет тарапынан коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу жалғасады деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ата-аналар шыдамдылық танытып, қазіргі ахуалға түсіністікпен қарауы керек. Осындай жағдай тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қалыптасып отыр. Біз білім сапасының төмендеуіне жол бермеуіміз қажет. Оқыту нәтижесіне мониторинг жүргізіп, білім саласындағы олқылықтарды жою үшін уақтылы шаралар қабылдау керек. Үкіметке өңір әкімдерімен бірлесіп, шектеу шараларына қарамастан, білім сапасын бақылауды күшейтуді тапсырамын.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы санитарлық талаптар мен шектеу шараларының сақталуына компания басшыларының және бизнес иелерінің жауапты екенін еске салды. Соңғы уақытта ірі кәсіпорындардағы еңбек ұжымдарында вирус жұқтырғандарың саны арта бастады. Әсіресе, қоғамдық көліктердегі санитарлық жағдай және азаматтар көп шоғырланатын орындарда арақашықтықтың сақталмауы Президенттің алаңдаушылығын туғызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Үкімет жемқорлыққа жол берілуі мүмкін барлық учаскелерді қатаң бақылауға алуы тиіс. Пандемияның бірінші толқыны кезінде жемқорлықпен бетпе-бет келдік. Бұл – медициналық бетперделер мен дәрі-дәрмек бағасын арттыру, бақылау-өткізу пунктеріндегі құқық бұзушылықтар, медицина қызметкерлеріне төлем тағайындау кезіндегі жемқорлық. Бақылаушы органдардың, яғни полиция қызметкерлерінің, әкімдіктер мен мониторинг өткізетін топтардың жұмыс сапасына ерекше назар аудару қажет. Пандемия кезінде оларға бизнес пен азаматтарды тексеруге зор, яғни төтенше өкілеттіктер берілді деуге болады.

Кез келген қиындық жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мұны отандық ғалымдардың коронавирусқа қарсы ойлап тапқан вакцинасы дәлелдейді. Екі түрі әлемдік биоқұралдардың қатарына енгізіліп, клиникалық зерттеуден өтіп жатыр. Бұдан бөлек, елде ресейлік вакцина өндірісін жолға қою жайы да қарастырылып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Үкіметтің алдында тұрған үлкен міндет – отандық вакцинаны ешбір кедергісіз өндіріске енгізу. Уақытша тіркеу тәртібін жеңілдетіп, вакцинаның тәжірибелік-өнеркәсіп және өнеркәсіп өндірісіне арналған зауыт құрылысын аяқтау қажет. Мен Ресей президентімен ресейлік вакцина өндірісі зауытының құрылысы бойынша келісімге келдім. Үкімет осы қажетті жобаға инвестиция тарту бойынша келіссөздерді бастап та кетті. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық бағыттары бойынша жұмысты жалғастыру маңызды. Мұндай шараларды дамыған мемлекеттердің бәрі қабылдап жатыр. Парламенттің осы сессиядағы жұмысы аяқталғанға дейін депутаттардың қарауына Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі заң жобасын енгізу керек.

Қазір елде шет мемлекеттермен қатынас шектелді. 57 елдің азаматтарының визасыз келу режимі күшін жойды. Үкімет өкілдері дәрі-дәрмек қоры жеткілікті деп есеп берді.

Асқар Мамин, ҚР премьер-министрі:

– Медицина ұйымдары инфрақұрылымы қамтылып, дәрі-дәрмекпен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қоры құрылды. Жергілікті резерві бар. Тәулік сайын тексеру жүргізіледі.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

– Өкінішке орай, оқушылар арасында коронавирустың 410 жағдайы тіркелді. Барлық мектеп жабылып, қашықтан оқуға ауыстырылды. Ауыр науқастар 3100 иммундық доза дайындалды.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР ішкі істер министрі:

– Күн сайын 10 мың Ұлттық ұлан мен полиция шығады. 11 облыста 77 санитарлық бекет қойылды.

Сөз соңында Президент ел азаматтарын тәртіпті қатаң сақтауға, уақытша шектеу шараларына түсіністік танытуға шақырды. Ең алдымен, бұл ұлт саулығы үшін қажет. Мемлекет басшысы дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге және пандемиямен күресте алдыңғы шепте жүрген барша жандарға алғысын білдірді.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы