425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан бітімгерлері Ливанға барады

  • 57
  • UPD: 09:38, 21.11.2020

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіне әскерилердің Біріккен Ұлттар ұйымының бітімгершілік мииссиясына қатысуын кеңейту жөнінде «Жол картасын» әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл құжат 2021 жылдың 1 тамызына дейін жасалуы тиіс. Ал келесі жылы Қазақстан бітімгерлік жасағының екінші легі Ливанға аттанады. Қатаң іріктеуден өткен жауынгерлер бүгін Алматы облысындағы оқу-жаттығу алаңында дайындықтарын пысықтады. 

Қазақстанның бітімгерлік жасағының құрамына алыну үшін сарбаздар бірнеше сынақтан өту керек. Бірінші кезекте психологиялық жағынан төзімді, әскери өмірдің ыстығы мен суығына шыдамды жастар таңдалады. Одан кейін әрине басты талап – ағылшын тілін білу керек. Қарулы қақтығыс аймағында адам шығыны мен оқ тиіп жаралану жағдайлары жиі болатындықтан, бітімгерлер алғашқы медициналық жәрдем көрсетуді үйренеді.  

Қазақстан бітімгершілік полкінің оқу-жаттығу ғимаратында өткізілетін теориялық дәрістерде Ливандағы жалпы жер жағдайы, олар орналасатын штабтағы қызмет, бітімгерлік миссияның ережелері егжей-тегжейлі түсіндіреледі.

Бітімгерлік жасақ жауынгерлері қарулы-қақтығыстарға қатыспайды. Негізінен тосқауыл-бекеттерінде, бақылау-өткізу орындарында көрсетілетін қызметке, аймақтағы тәртіпті бақылауға атсалысады. Дегенмен Ливанда соғыс әлі аяқталған жоқ. Сондықтан бітімгерлер қарулы шабуылға әрдайым дайын болуы керек. Десантшы-шабуылдаушылардың оқу-жаттығу алаңындағы қақтығыс көрінісі де сондай. 

Шыныбек Шынықұлов, бітімгершілік жасақтың барлаушысы:

– БҰҰ миссиясына бару себебім – ең бірінші Отан алдындағы менің әскери борышым. Екіншіден, ол жақтағы жауынгерлік дайындықтың ешқандай оқу-жаттығу жиыны болмағандықтан сол жақтан барып өзіме үлкен тәжірибе жинап келемін. Және сол жинап келген тәжірибемді осы Қазақстан Республикасына келіп қарулы күштердің жаңадан өсіп келе жатқан буындарына үйретемін деген ойдамын.

Әлемдік коронавирус пандемиясына байланысты Ливанға аттанатын сарбаздардың екінші легі келесі жылдың басында жолға шығады. Бұған дейін Қазақстан бітімгерлері Непал мен Африканың бірқатар еліндегі бітімгерлік миссияларға қатысқан. 

Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы