423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Елбасы іргесін қалаған ел

  • 200
  • UPD: 18:49, 01.12.2020

Қазақстан отыз жылда әлемнің озық елдерінің қатарына қосылды.

Елбасы ең алдымен ядролық қарудан бас тартты, ізінше шекараны шегендеп алды. Сөйтіп қордаланған бар шаруаны ширатуға көшті. Небір қиындықтар болды. Бірақ ертеңгі күні ел болып кетеміз деген үміт алға сүйреді.     

Ол – тәуелсіз елдің қазығын қаққан адам. Бұған ешкімнің таласы жоқ. Күмән келтірмейді. Өзге елдер де мойындап отыр. Нұрсұлтан Назарбаев бодандық бұғауынан енді босаған елді бейбіт өмірге бастай білді. Қаржы қыспағынан құтқарды. Қазақты шат-шадыман етті.

Роза Буктугутова, тарих ғылымдарының докторы:

– Елдің жағдайы нашар еді. Жұрт аулада от жағып, жылынып жатты. Жарық та, су да, жылу да болмады. Соның барлығы «Тәуелсіздіктің жеті қыры» фильмінде көрсетілген. Нұрсұлтан Назарбаев сондай қысылтаяң шақта дұрыс шешім қабылдады. Кәсіпорныдарды жекешелендіру керектігін айтты, шетелден инвесторларды тартты. Көп ұзамай сауда-саттық жанданды. Елдің тұрмысы тіктеле бастады.

Еңсемізді әлі тіктей қоймаған кез. Сөйте тұра, Нұрсұлтан Назарбаев батыл қадамға барды. 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойды. Сөйтіп Қазақстан бейбіт өмірді таңдады. Ал әлем таңданысын жасырмады.

Ирина Ровнякова, педагогика ғылымдарының кандидаты:

– Қазір бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз. Ядролық қарудан бас тартпағанда, қазіргідей алаңсыз жүрер ме едік? Нұрсұлтан Назарбаевтың сол кездегі шешіміне күмән келтіргендер болды. Бірақ елге инвесторлар келе бастағанда, экономика жанданып сала бергенде, Елбасының шешімі дұрыс болғанына көз жеткіздік.

Елбасы талай бастама көтерді. Соларды бөліп-жарып жату – артық әсте. Әрбір іске келгенде ел тағдыры таразыға тартылып жатқанын жақсы түсінді. Ал ондай кезде тәуекелге бару екінің-бірінің қолынан келмейді.      

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда торықпадық. «Ел болып кетеміз!» деген үміт басым еді. Сол сенім мұқым жұртты алға сүйреді. Тар сүрлеуде сүрінген де шығар. Бірақ жығылдым екен деп жатпады. Түрегелді. Нық қадам жасады. Тәуелсіздіктің жеті қыры соны ұғындырады.   

Отыз жылға жуықтады. Қазақстан қуатты елдердің қатарына қосылды. Қарымын әлі де үдетер. Ал бүгінгі өмір – тәуелсіздік тартуы. Мұны ұмытпауымыз керек.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы