419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ел тағдырындағы Елбасы рөлі

  • 117
  • UPD: 22:57, 01.12.2020

Шығыс Қазақстанда Тұңғыш Президент күніне орай түрлі мерекелік шаралар өтіп жатыр.

Қоныс тойы тойланып, көрмелер ұйымдастырылды. Ал кәсіпкерлер мен сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаевтың облыс әлеуетін арттырудағы рөлі мен ел келешегі үшін қабылдаған шешімдері жайлы естелік айтты.

Мәселен, Елбасының осыдан 29 жыл бұрын Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлыққа қол қоюы тек еліміз ғана емес, күллі әлем үшін батыл ұйғарым болғаны белгілі. Ал индустриялдық даму туралы бағдарламаға басымдық беруі кенді Алтайдың өндірістік қуатын одан әрі күшейте түсті.

«Силумин-Восток» – инжинирингтік бағыттағы беделді кәсіпорындардың бірі. Машина жасау саласына салмақты үлес қосып келе жатқан зауыт автоматты өнеркәсіпті мықты игерген. Өндірістің алғашқы аяқ алысына Тұңғыш Президенттің өзі куә болды. Бұл әрине компанияның даму қарқынына үлкен әсер етті. Осыдан екі жыл бұрын Елбасы келген сәтті мұндағы ұжым ерекше толқыныспен еске алады.

Зоя Новолодская, «Силумин-Восток» ЖШС даму бойынша директоры:

– Елбасы біздің ұжымның ортасына келгенде бұл жерде сілтідей тыныштық орнады. Барлығымыз демімізді ішімізге тартып тұрып қалдық. Осындай кездесулерден соң компаниямыз жанданып сала берді. Ол кісінің әр сапары бізге серпіліс беріп, нәтижеге жұмыс істеуге жетеледі.

Өңір кеншілері Тұңғыш Президенттің өз еңбек жолын металлург болып бастағанын мақтан тұтады. Нұрсұлтан Назарбаев өндірісті өлкедегі талай іргелі жобалардың іске асуына түрткі болды. Олардың арасында титан құймаларын шығаратын цех, мыс балқыту зауыты сынды бірегей бастамалар бар. Ал аймақ басшысы ел шекарасын бекітудегі Елбасы беделінің әсері жайлы естелікпен бөлісті.

Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:

– Мемлекет үшін шекара шебін анықтау маңызды. Мен ол кезде Премьер-министрдің орынбасары болып қызмет етіп, делимитация бойынша комиссияны басқарғанмын. Цзянь Цзэмин мырзамен сол тұрғыда кездесу болды. Ол мен делимитация келісімшартына Нұрсұлтан Әбішұлына деген құрметім үшін қол қоям деген еді.

Сөйтіп Қытаймен арадағы маңызды келісім жасалды. Тұңғыш Президентке деген құрмет пен оның мықты саясаткерлігі талай стратегиялық сұрақтарды шешуде үлкен рөл атқарды дейді сарапшылар.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы