419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Президенттің қатысуымен жасанды интеллектіні дамытуға арналған жиын өтті

  • 164
  • UPD: 22:43, 04.12.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жасанды технологиялардың адам баласына зияны тимес үшін әлемдік саяси орта арнайы меморандум қабылдау төңірегінде ойлануы керек», – деді.

Бүгін біздің Президент пен Ресейдің Мемлекет басшысы Владимир Путиннің қатысуымен жасанды интеллектіні дамытуға арналған алқалы жиын өтті.

Біздің дәуір – жасанды интеллектінің дәуірі. Робототехника, цифрлық жүйе өмірімізге дендеп енді. Пандемия кезінде оның маңызы тіптен арта түсті. Аурудың диагнозын қоюда да жасанды интеллект пайдаланылады. Тіпті роботтардың арқасында ауру атаулыны 18 ай бұрын анықтауға болады. Міне, осындай мүмкіндікке ие жасанды интеллектің алдағы уақытта өрісі кеңімесе, тарылмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Маккензи компаниясы сарапшыларының болжамынша 10 жылдан кейін жаһандық экономикаға жасанды интеллектіден түсетін пайда 13 трлн долларға жетеді. Бір сөзбен айтқанда, Қытайдың алып экономикасынан асып түсетін нарық пайда болады. 2025 жылға қарай жер бетінде 40 млрд-тан астам интеллектуалды қондырғы болады. Оның 90%-і ақылды функцияны иеленеді.

Сондықтан жасанды интеллекті дамыту қажет. Әйтпесе заман көшінен қаласың. Осыны ескерген біздің Президент форумға қатысуға келіскенін айтты.

Екі апта бұрын Мемлекет басшысы тиімді технологиялық әріптестік орнату мақсатында «Сбербанктің» басқарма төрағасы Герман Греф бастаған ресейлік делегациямен кездескен еді.

Сол кездесудің маңыздылығын бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір мәрте атап өтті. Бізде «Kaspi.kz» деп аталатын қазақстандық технологиялық компания барын айтты. Айтты да, бұл ұйымның соңғы жылдары трансформациядан өткенін, сөйтіп дәстүрлі банктен айти компанияға ойысқанына тоқталды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бір айдан астам уақыт бұрын «Kaspi» Лондон қор биржасында сәтті IPO өткізе білді. Компанияның нарықтық капиталы 6,5 млрд доллар болды. Осылайша Kaspi банк ең қымбат компания атанды.

Сандық жүйе әр салаға қажет. Осы мақсатта бізде шамамен екі жыл бұрын Цифрлық даму министрлігі құрылды. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданды. Мұның жемісін көріп жатырмыз. Пандемия кезінде талай қызмет электронды түрде көрсетілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Пандемия мен карантиннің күшейген шағында біздің алдымызда 4 млн 600 мыңдай азаматымызға көмек беру міндеті тұрды. Бұл – елдегі жұмысқа жарамды адамдардың жартысы. Осы орайда цифрлық жүйенің рөлі арта түсті.

Интернетсіз цифрлық жүйе жоқ. Карантинде жылдам интернеттің маңызын терең ұғындық. Қасым-Жомарт Тоқаев та осы бағытқа басымдық беріліп жатқанын айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз ауылдарды ғаламтормен қамтамасыз ету үшін 2 ірі жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Осы жылдың соңына дейін халықтың 99 проценті жылдам интернетке қол жеткізеді. Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруде де осы технологияға иек артамыз.

Цифрлық жүйе дамыған сайын азаматтардың мәліметтеріне қауіп төнеді. Ал басты қорған – мемлекет. Сондықтан қазір деректерді басқарудың тетіктері қайта қаралып жатыр. «Бұдан ең алдымен азаматтар мен бизнес қауымдастық пайда көруі тиіс», – деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:    

– Елімізде алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны саналатын Назарбаев университетінде ақылды жүйе мен жасанды интеллектінің арнайы институты құрылды. Университет Дүниежүзілік банкпен бірге енді жасанды интеллектінің ұлттық кластерін құруды жоспарлап отыр. Оның жеке зертханасы, мәліметтерді өңдейтін зерттеу орталығы және ғылыми паркі болады.

Жасанды интеллектінің дамуы адамдардың жеке мәліметтеріне ғана емес, қауіпсіздікке де қатер төндіреді. Геосаяси текетірестер мен қақтығыстар кезінде осы роботты қару ретінде қолдану қаупі бар. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев: «жасанды технологиялардың адам баласына зияны тимес үшін әлемдік саяси орта арнайы меморандум қабылдау төңірегінде ойлануы керек», – деді. Осылайша жасанды интеллектіні дұрыс қолдану қажеттігін қаперге салды.    

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ернар Нысанбай

Хабар 24 телеарнасы