421,91 511.30 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан ішкі және сыртқы саясатта тұрақтылығымен көзге түсті – Түркияның БАҚ өкілдері

  • 159
  • UPD: 10:12, 15.12.2020

Ұлық мерекеміз елімізден тыс жерлерде де кеңінен аталып өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, туыстас ел – Түркияда Тәуелсіздік күні Анкарада баспасөз мәслихатымен басталды. Сосын бірқатар қоғамдық ұйым, стратегиялық зерттеу орталықтарының ұйымдастыруымен жиындар өтті.

Еліміздің Түркиядағы елшілігі ұйымдастырған іс-шараға түріктің жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Шетелдік журналистерге Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктер мен саяси реформалар жөнінде ақпарат берілді. 10 қаңтарда өтетін парламенттік сайлау мен пандемия кезіндегі елдің жағдайы сөз болды. Абай мен Әл- Фараби жылы аясында атқарылған іс-шаралар мен Қазақстанға инвестиция тартудың ерекшеліктері айтылды. Жиналғандар сұрақ қойып, өз ойларын ортаға салды.

Күршат Зорлу, «Ватан» газетінің колумнисі, саясаттанушы-ғалым:

– Қазақстан тәуелсіздігіне 29 жыл. Осындай аз уақыт ішінде бауырлас ел көптеген жетістікке қол жеткізді. Ішкі және сыртқы саясатта тұрақтылығымен көзге түсті. Ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, төрткүл дүниеге үлгі болды. Бірқатар бастаманың негізін қалады. Түркі дүниесінде 5 ұйымның негізін қалаған да сіздің ел.

Дидем Өзел Түмер, «Миллиет» газеті Анкара басшысы:

– Түркия мен Қазақстанның тілі, діні және тарихы ортақ. Тіпті қос елдің де тәуелсіздік жолдарындағы күресі ұқсас. Екі ел де «азаттық» ұғымын бірдей сезінеді. Сол себепті шығар, Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған тұста, алғаш болып құттықтаған елдердің бірі Түркия болды. 1992 жылынан бергі басталған дипломатиялық байланыс, жыл сайын одан әрі нығайып отырғанына баршамыз куәміз.

Ұлық мереке қарсаңында, «Тәуелсіздіктің 29 жылдығында Қазақстан» атты панельдік отырыс өтті. Сахипкиран стратегиялық зерттеу орталығының ұйытқысымен өткен іс-шарада еліміздің тарихы мен бүгіні туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Месут Эмре Каракөсе, Сахипкиран стратегиялық зерттеу орталығы директоры:

– Бұл жиынның біз үшін маңызы зор. Себебі қазақ пен түрік халқы – түбі бір түркі жұртының ұрпақтары. Екі елдің қазіргі серіктестігін барлық халықаралық деңгейде байқауға болады. Мәселен, Сириядағы ахуалды реттеу жөнінде Астана процесі бұған үлгі.

Анкара мен Нұр-Сұлтанның арақашықтығы 5 мың шақырымнан асса да, екі ел арасындағы қарым-қатынас нығайып келеді. Түріктің саясаткерлері, кәсіпкерлері мен мәдениет қайраткерлері қазақстандық әріптестерімен үнемі тығыз байланыста.

Хабар 24 телеарнасы