Халықаралық ұйымдар мен шетелден 398 байқаушы тіркелді – ОСК

Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауына халықаралық ұйымдар мен шетелден 398 байқаушы тіркелді.

Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясында мәлім болды. Басым бөлігі ТМД атқарушы комитеті, Парламентаралық Ассамблеясы және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан тіркелген. Сондай-ақ 31 елден байқаушы келеді. Кейінгі бір апта көлемінде Сыртқы істер министрлігі қосымша 4 халықаралық ұйым және 7 елден байқаушылардың кандидатурасын ұсынған. Осыған байланысты бүгін орталық сайлау комиссиясы тиісті қаулы қабылдап, халықаралық миссия өкілдерін тіркеуден өткізді.

Берік Имашев, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Сайлау туралы Конституцияға сәйкес, сағат 18:00-де ОСК халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеуді аяқтады.  Халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы мәселе Ортсайлаукомның 7 отырысында, соның ішінде бүгінгі отырысында қаралды. Осылайша ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын кезекті сайлауын байқау үшін 398 байқаушы аккредиттелді. Оның ішінде 322 байқаушы 10 халықаралық ұйымнан және 76 байқаушы 31 шет мемлекеттен.