Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне жаңадан мүше болған елдердің туларын орнату рәсімін өткізді

Нью-Йоркте Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігі Қауіпсіздік кеңесіне жаңадан мүше болған елдердің мемлекеттік туларын орнату рәсімін өткізді. Үндістан, Ирландия, Кения, Мексика мен Норвегия халықаралық ұйымның басты органында өз міндеттеріне кірісті.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің құрамына 15 ел кіреді. Олардың бесеуі тұрақты мүшелері. Бұл Қытай, Франция, Ресей, АҚШ және Ұлыбритания. Қалған 10 мемлекет халықаралық бас органның тұрақты емес мүшелері саналады әрі ауысып отырады. 2021-2022 жылдарға сайланған солардың бесеуі Үндістан, Ирландия, Кения, Мексика мен Норвегия өз міндеттеріне кірісті. Аталған елдердің БҰҰ жанындағы өкілдері Қауіпсіздік кеңесінің залына кіреберісте өздерінің мемлекеттік туларын орнатты. Салтанатты рәсімге БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Мағжан Ильясов та қатысты.  

Мағжан Ілиясов, Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

- Өткен жыл барлық елдер үшін оңайға соқпады. Дегенмен, үйренгеніміз де аз емес. Әсіресе денсаулық сақтау саласында қызмет етіп, жақындарымыздың өмірі үшін күресіп келетін дәрігерлердің еңбегі бір төбе. Сондай-ақ ғалымдар мен зерттеушілерге де алғысымыз ерекше. Жаңа жыл әлем елдері мен біздің ұйым үшін жаңа үміт сыйлайды. Оң өзгерістердің орын алуы осы Кеңестің тұрақты және тұрақты емес мемлекеттердің шешіміне тікелей қатысты болады. Сол себепті барлықтарыңыздың жұмыстарыңызға табыс тілеймін.

Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес өкілерінің ту орнату дәстүрі Қазақстанның бастамасымен 2018 жылы енгізілген. Ол кезде біздің республика Орталық Азия елдерінің ішінен алғашқы болып, кеңестің тұрақты емес мүшелерінің қатарына кірді және төрағалық етті. Халықаралық ұйым бұл Қазақстан ұйытқы болған игі бастама екенін айтқан еді.

Тарик Ладеб, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы:

- Бүгінгі дәстүрлі шараны ұйымдастырып отырған Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігіне үлкен алғыс айтамыз. Әсіресе пандемия кезінде бұл шараның маңызы зор. Қауіпсіздік кеңесіне мүше барлық елдер аянбай еңбек ететініне күмәніміз жоқ.

Жалпы былтыр БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 56 қарар қабылдапты. Солардың ең бастыларының қатарында бітімгерлік операциялар, Таяу Шығыс пен Африкадағы ахуалға қатысты құжаттар бар. Енді органның жаңадан сайланған тұрақты емес мүшелері алдағы екі жылда Сирия мен Батыс Африкадағы гуманитарлық проблемаларға, әйелдер мен климат мәселелеріне көп көңіл бөледі.

Авторлар: Жұлдыз Атагельдиева, Әсем Хасенқызы