ҚСЗИ: Саяси жүйе заманауи талаптарға сай дамып келеді

«Қазақстанның саяси жүйесі заманауи талаптарға сай дамып келеді». Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шаукенова осылай дейді.

Бүгін елордада саяси науқан қарсаңында отандық саясаттанушылармен дөңгелек үстел өтті. Жиында еліміздегі барлық саяси партияның дайындалуына тең жағдай жасалғаны және жеткілікті уақыт берілгені айтылды. Биыл барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау алғаш рет тепе-теңдік жүйесі бойынша өтеді. Науқанның тағы бір ерекшелігі – партиялар өз тізіміне жастар мен әйелдердің жаңа толқынын қосқан. Саяси ұйымдар коронавирус пандемиясы жағдайында жұмыстың жаңа форматына бейімделді. Іс-шаралардың дені онлайн-режимде өтіп, коммуникацияның заманауи үлгісі қолданылды.

«Сондықтан Қазақстанның қоғамдық-саяси күн тәртібіне прогрессивті баға беруге болады», - дейді мамандар. Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сай Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлауға 10 халықаралық ұйым мен 31 мемлекеттен 400-ге жуық байқаушы келді.

Зарема Шаукенова, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры:

- Қазақстанның саяси жүйесі заманауи талаптарға сай дамып келеді. Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлауға шетелден 398 байқаушы тіркелді. Алдағы парламенттік және жергілікті сайлаулар жаңа саяси маусымды ашады және елдің саяси процестеріне серпін береді.