Сайлау 2021: Мәулен Әшімбаев халықаралық байқаушылармен кездесті

Бүгін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы және ТМД елдерінің Парламентаралық Ассамблеясының байқаушыларымен кездесулер өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл делегациялар қаңтардың 10-да Мәжіліс пен Мәслихат депутаттарын сайлау барысын бақылайды. Мәулен Әшімбаев халықаралық ұйым өкілдеріне өз ризашылығын білдіріп, еліміздегі сайлау демократия стандарттарына сай өткізілетініне сенімді екенін жеткізді.

Айта кетейік, коронавирус індетінің таралуына қарамастан, елге 11 халықаралық ұйым өкілдері шақырылды. Олар өз жұмысын сапалы орындау үшін барлық жағдай жасалған. Басқосуларда Сенат төрағасы Қазақстанда қабылданған саяси реформалар жайында баяндап, жаңа заңдар көп партиялылықты нығайтуға және азаматтардың саяси үдерістерге қатысуын кеңейтуге бағытталғанын хабарлады.