Сайлау 2021: ТМД байқаушылары дайындықты жоғары бағалады

Ертеңгі сайлауды назарды ұстайтын шетелдік байқаушылардың бір тобы бүгін бейпартиялық байқау орталығына бас сұқты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресейлік мамандар отандық байқаушылардың әзірлігін жоғары бағалады. Сондай-ақ саяси дода кезінде үкіметтік емес ұйымдарға артылған міндеттердің маңыздылығын атап өтті. Олар құқықбұзушылықтарға жол бермеу, заңның орындалуын қадағалау, әр учаскедегі жағдай туралы баяндап отыру.

Максим Григорьев, РФ қоғамдық палата мүшесі:

– Партиялық емес байқаушылардың жұмысы аса маңызды екенін түсіну керек. Себебі олар ешбір саяси ұйымның сойылын соқпайды. Сондықтан оларға деген халықтың сенімі жоғары. Қазақстандық әріптестеріміздің дайындығына көңіліміз толады. Біздің ойымызша, әрбір учаскедегі жағдайды саралап отыруға толық мүмкіндік бар.

Бейпартиялық байқаушылар орталығы бір ай бұрын жұмысына кірісті. Мамандардың сөзінше, әр учаскеде екі партиялық емес байқаушы отырады. Шалғай ауылдарда да осы талап сақталады.   

Бану Нұрғазиева, бейпартиялық байқау орталығының басшысы:

– Бізде 19600 байқаушы дайындалған. Олар тренинг, семинар арқылы дайындалды. Ертең жұмысына шығады. Телеграм каналы арқылы айтып отырамыз, қалай болып жатыр, қандай сұрақтар барын. Одан басқа да жастар бар. Бір студент 2-3 өңірге жауапты. Бәрі біткеннен кейін үлкен есеп дайындаймыз. Жай сөзбен ғана емес, жазбаша түрде, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде.