Байқаушылар сайлауға дайын

Әділ сайлау туралы хартияны мақұлдаған 548 адам Алматыдағы науқанда тәуелсіз байқаушы болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Парламент Мәжілісі мен жергілікті маслихатқа сайлау – маңызды саяси оқиға. Сондықтан барлық тәуелсіз байқаушы арнайы дайындықтан өткен. Олардың негізгі міндеті – сайлау барысында болуы мүмкін заң бұзушылықтарды тіркеу. Бірақ сайлау процесіне араласа алмайды. Хартиядағы ең маңыздысы – азаматтардың бостандығы. Халықаралық талапқа сай әркімнің өз таңдауы мен дауыс беру мүмкіндігі болуы керек деді қоғам белсендісі Айгүл Соловьева.

Айгүл Соловьева, Қазақстанның экологиялық ұйымы қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрайымы:

– Бақылаушылар үшін бұл процесті бақылай алатын кеңістік құрылуы керек. Егер қандай да бір талап бұзылып жатса, бақылаушы сайлау барысына өзі тікелей араласып, килікпеуі қажет. Оның тек тіркеу құқығы бар. Осыдан кейін біз талдау жүргізіп, барлық азаматымызды үкіметтік емес азаматтық сектордың осы сайлауды қалай бағалайтыны туралы хабардар етеміз.