Уақыт айырмашылығына байланысты бүгін бірінші болып Жапонияда және Оңтүстік Кореяда тұратын Қазақстан азаматтары дауыс берді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Меншікті тілшіміз Владислав Цой қазір Сеулдегі нөмірі 258-ші учаскенің алдында тұр.
Диктор:
Қайырлы таң, Владислав, дауыс беру қалай өтіп жатыр?
Владислав Цой, тілші:
- Сеул – Кореяда дауыс беруге арналған учаскесі бар жалғыз қала. №258 сайлау учаскесі Қазақстан елшілігінде орналасқан. Дауыс беруді ұйымдастыру үшін дипломаттарымыз Сеул қалалық әкімшілігімен келіссөздер жүргізуге мәжбүр болды. Өйткені бүкіл Кореяда коронавирустың үшінші толқынына байланысты төрт немесе одан да көп адамдардың қатысуымен өтетін кез келген жиындарға тыйым салынған. Сеулдегі сайлау учаскесінде сайлау комиссиясының 5 мүшесі жұмыс істейді. Бұл әлеуметтік арақашықтық ережелерін бұзу болып табылады. Бірақ қала басшылығы қазақстандықтарға ерекше жағдай жасады және рұқсат беріп қана қоймай, дауыс беруді ұйымдастыруға көмектесті. Қазақстан елшілігі орналасқан Йонсан ауданының әкімшілігі бетперде, жылытуға арналған пакеттер мен зарарсыздандырғыштармен қамтамасыз етті. Және бүгін мұнда тәртіпті жергілікті полицейлер бақылайды. Дауыс беру үшін бірнеше кезеңнен өту керек. Біріншіден, кірген кезде сайлаушының дене қызуы тексеріледі. Содан кейін ол қолын дезинфекциялауы керек. Дауыс беру бөлмесіне тек бір адам ғана кіреді. Комиссия мүшелері мен сайлаушылар арасында тікелей байланыс жоқ. Олардың арасында акрилді қорғаныс орнатылған. Дауыс бергендердің барлығына бір реттік қалам беріледі. Біз бірінші сайлаушыдан сұхбат жазып алдық. Оның есімі – Аделина Алпамыс. Сеулдегі сайлау учаскесі әлемде алғашқылардың бірі болып ашылғандықтан, Аделин қазіргі парламенттік сайлауда дауыс берген алғашқы қазақстандық болды. Ол Корё университетінің саясаттану және халықаралық қатынастар бөлімінің студенті. Бірінші сайлаушы ретінде оған символикалық сыйлықтар табысталды.
Аделина Алпамыс, студент:
- Мен Қазақстанның да, Оңтүстік Кореяның да саяси өмірін бақылаймын. Енді мен, әрине, Оңтүстік Кореяның саяси және халықаралық өміріне ерекше назар аударамын. Себебі мен осындамын. Сондай-ақ мен өз Отанымды ұмытпаймын, өйткені 2019 жылы жаңа Президент сайланды. Қазақстанда соңғы кездері даму қарқынды жүруде. Мен болашақта еліміз Кореяның даму деңгейіне жетеді деп сенемін.
Диктор:
- Владислав, қазір Оңтүстік Кореяда қанша қазақстандық сайлаушы бар?
Владислав Цой, тілші:
- Елшіліктің мәліметінше, мұнда ресми түрде 22 мыңға жуық қазақстандық бар. Көбіне олар этникалық кәрістер. Тағы 10 мыңға жуық адам заңсыз жұмыс істейді. Бірақ елшілікте тек 1 мыңға жуық адам тіркелген. Дауыс беруге қанша азаматымыз келеді, оны ешкім айта алмайды. Бірақ сайлаушылардың белсенділігіне бірнеше себептер әсер етеді. Біріншіден, қолайсыз эпидемиологиялық жағдай. Оңтүстік Кореяда тәулігіне мыңға жуық адамнан коронавирус табылады. Билік барлық тұрғындарды, оның ішінде шетелдіктерді де үйде болуға шақырады. Екіншіден, қазір бүкіл елде -18-ден -25 градусқа дейін аяз тұр. Мұндай суық ауа райы осы елде 35 жыл ішінде бірінші рет байқалады. Сайлау комиссиясының мүшелері сайлаушының үйіне де барыпты. Бұл – 71 жастағы Төлегенова Дариха. Ол Сеулде жұмыс істейтін баласына қонаққа келді. Зейнеткерге коронавирус қаупі төніп тұрғандықтан, ол үйде дауыс беруге шешім қабылдады.
Сеулдегі учаскесі кешкі сегізде жабылады. Ал ертең барлық сайлау комиссиясының мүшелері коронавирусқа тексеріледі. Корея үкіметінің бұл тегін акциясы желтоқсан айының соңынан бастап жүргізіліп келеді.