423,42 511.30 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қытайдағы қазақстандықтар үш сайлау учаскесінде дауыс бере алады

  • 84
  • UPD: 10:48, 10.01.2021

Нұр-Сұлтан уақыты бойынша таңғы сағат 05:00-де Қытайдағы сайлау учаскелері де ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың саны үшеу: Бейжіңде, Шанхайда және Гонконгта орналасқан. Біздің меншікті тілшіміз таңсәріден Бейжіңдегі сайлау учаскесінде жүр. Қазір ол бізбен тікелей байланысқа шықты.

Диктор:

- Ботагөз, дауыс беру қалай болып жатыр? Санитария талаптары сақталып жатыр ма?

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Өзіңіз жаңа ғана айтқандай, Қытайдағы азаматтарымыз қай аймақта тұратындығына қарамастан, Бейжіңде, Шанхайда және Гонконгта дауыс бере алады. Сайлау учаскелері біздің елдің елшілігі мен Бас консулдықтар жанынан құрылған. Бөлімшелер жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де ашылды және кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Індетке байланысты қабылданған алдын алу шараларына аздап тоқталайық. Сайлау комиссиясының мәліметі бойынша шаралар Орталық сайлау комиссиясының талаптарына толық сәйкес келеді. Кіреберістегі автоматты термометр температураны өлшейді. Адамдарға бетперде кию міндеттеледі, сондай-ақ қолды жуып кіру сұралады. Антисептиктер кіреберісте ғана емес, ғимарат ішінде де бар. Тіркеу үстелдерінің және кабиналардың маңайына әлеуметтік қашықтық сақтауға арналған белгілер сызылған. Санитарлық нормалардың сақталуы жөнінде комиссия төрағасынан сұрап білген едік.

Төлеген Бурахан, №257 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:

- Бейжіңдегі сайлау учаскесінде алдын ала сайлау өтетін алдында сайлау өтетін орнын желдетіп, дезинфекция жұмыстары жүргізілді және сайлау кезінде дезинфекция жұмыстары әр бір жарым сағат сайын жүргізілуде. Сайлау орнына кіргеннен кейін әлеуметтік дистанция сақтау бойынша бір жарым-екі метр аралығында сайлау бөлмесіне шақырылады. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылы 29 желтоқсан 69 қауылысы бойынша барлық іс-шаралар өткізіліп жатыр. Қазіргі таңда атап өтсек, 80% сайлаушылардың тізіміне сәйкес дауыстарын берді.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Учаскеде қабылданған шаралар, сондай-ақ Қытай астанасындағы және маңайындағы эпидемиологиялық ахуалмен де байланысты. Бейжіңнің іргесіндегі Хэбэй провинциясында науқастар саны соңғы бірнеше күнде 300 адамнан асты. Жартысында індет симптомдары білінбейді. Бірнеше қалада локдаун жарияланды.

Диктор:

- Мәжіліс сайлауына оралсақ, сайлаушылардың белсенділігі қалай? Дауыс беруге көп адам келіп жатыр ма?

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

-.Әдетте Бейжіңде дауыс беретіндердің көбі қазақстандық студенттер болады. Біразы індетке байланысты былтыр Қазақстанға қайтып кеткен. Сондықтан биыл сайлаушылар саны аздау. Бұдан басқа, ғимарат ішіндегі адамдардың саны карантин талабына сәйкес реттелуде. Сондай-ақ учаскеде халықаралық байқаушылардың барын айта кетейін. Олар Бейжіңде орналасқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының хатшылық өкілдері. Байқаушылар дауыс берудің өту барысын бақылауда. Мендегі бар ақпарат әзірге осы. Қытай астанасында ашылған сайлау учаскесіндегі жағдайды қадағалап, жаңа мәліметтер туралы тың ақпарат беріп тұрамыз.

Хабар 24 телеарнасы