Тікелей эфир: Өзбекстанда дауыс беру үрдісі қалай өтіп жатыр?

Сайлау учаскесі Ташкентте де ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрші мемлекетте жұмыс істейтін немесе уақытша келген отандастарымыз Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінде дауыс беріп жатыр. Іргедегі елде ұйымдастырылған сайлау бөлімшесіндегі саяси процесті арна тілшісі Жасын Біркенов бақылап жүр. Өзбекстанда дауыс беру үрдісі қалай өтіп жатқанын тілшімізден сұрап білейік. Ол дәл қазір бізбен тікелей байланысқа шыққалы тұр.

Жасын Біркенов, тілші:

- Қазақстан тарихындағы сегізінші Парламент сайлауына Өзбекстанда жүрген жүздеген отандасымыз қатысуға ниет танытыпты. Дәлірек айтқанда, 400-ден аса қазақстандық дауыс беру үшін келуі мүмкін. Бұлар негізінен Елшілік қызметкерлері, дипломаттардың отбасы мүшелері, кәсіпкерлер, ұлттық компаниялар мен қазақстандық қаржы институттарының өкілдері, отбасылық жағдайымен жүрген басқа да азаматтар. Елшілік қызметкерлері олардың әрбіреуіне хабарласып, ел болашағын айқындайтын айрықша саяси науқанға қатысып, дауыс беруге шақырған кезде бұлардың басым көпшілігі «келеміз», «қатысамыз» деп жауап берген екен. Жалпы, Өзбекстанда ұйымдастырылған жалғыз сайлау учаскесі Ташкенттегі Қазақстан Елшілігінің ғимаратында орналасқан. Оның нөмірі 267.

Қазақстандағы барлық сайлау учаскелері секілді біздің де түсіру тобымыз таңсәріден осы Елшіліктен өз жұмысын бастады. Сондықтан сайлау учаскесі ашылмас бұрын мұнда мемлекеттік әнұран орындалғанына куә болдық. Ел тарихындағы енді бір елеулі күні ұлттық әніміздің, салтанатты әуеніміздің шырқалғаны жырақта жүрген мына бізге ерекше қуаныш сыйлады. Қалған процесс бектілген тәртіп бойынша жүрді. Бұл – бюллетеньдерді санау, дауыс беру жәшігін пломбалау секілді жұмыстар. Бүгін Елшіліктің де, мұндағы сайлау учаскенің де есігі айқара ашық. Мұнда дауыс беру үрдісі жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 07:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Негізі Қазақстан мен Өзбекстан астаналары арасында бір сағаттық айырмашылық бар екенін ескерсек, мұндағы сайлау Нұр-Сұлтан уақытымен 21:00-де аяқталады. Осы жолғы маңызды саяси оқиға коронавирус пандемиясы жағдайында өтетін болғандықтан, бұл жердегі санитарлық талаптар мейілінше қатаң сақталғанын айтып кету керек. Ол жайында сайлау комиссиясының мүшесі толық айтып берсін.

Құрасбек Сәдібеков, сайлау комиссиясының мүшесі:

- Біз Парламент сайлауына тыңғылықты дайындалдық. Орталықтан алдын ала бюллетеньдер жеткізілді. Екі дауыс беру кабинкасын және сайлау жәшігін орнаттық. Бұдан бөлек, денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын қазақстандықтар үшін жылжымалы сайлау жәшігі де қарастырылған. Ал коронавирустық инфекция таралмауы үшін, дауыс берушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сайлау учаскесінде адамның дене қызуын өлшейтін термометр орнатылған. Антисептиктер әкеліп қойдық. Азаматтардан әлеуметтік қашықтықты сақтауды талап етеміз. Қажет болса, жаңа маска, қолғаптар, тіпті жеке қаламсап беруге де дайынбыз.

Диктор:

- Жасын, өзіңіз дауыс беріп үлгердіңіз бе? Ташкентте жұмыс істеп жүргеннен кейін Елшіліктегі сайлау учаскесіне тіркелген шығарсыз?

Жасын Біркенов, тілші:

- Өзбекстанда жүрген қазақстандықтардың қарасы қалың еместігін ескерсек, кешкі сағат 20:00-ге дейін өзімнің конституциялық құқығымды пайдаланып, таңдау жасап үлгеремін. Дәл қазір мен үшін асығыстық жоқ. Сол себепті жұмыстан қолым қалт еткенде, міндетті түрде өз дауысымды беремін.