Қазақстан Үкіметі қандай жағдайда отставкаға кетуі мүмкін

«Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» конституциялық заңға сәйкес Қазақстан Үкіметі бірнеше жағдайда отставкаға кетуі мүмкін.

4-бап. Республика Үкiметiнiң өкiлеттiк мерзiмi

  1. Республика Үкiметi Парламент Мәжілісінiң өкiлеттiк мерзiмi шегінде жұмыс істейді және жаңадан сайланған Республика Парламенті Мәжілісінiң алдында өз өкiлеттiгiн доғарады.
  2. Үкiметтiң өкiлеттiкті доғаруы оның мүшелерiнiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi.
  3. Республика Үкiметiнiң жаңа құрамы бекiтiлгенге дейiн Республика Үкiметi өз мiндеттерiн атқара бередi.
  4. Үкiмет осы Конституциялық заңның 5 және 6-баптарында көзделген Үкiмет орнынан түскен және өкiлеттiгiн тоқтатқан жағдайларда да өз өкілеттігін доғарады.

5-бап. Республика Үкiметiнiң орнынан түсуi

  1. Егер өздерiне жүктелген функцияларды одан әрi жүзеге асыру мүмкiн емес деп санайтын болса, Үкiмет және оның кез келген мүшесi Республика Президентiне өзiнiң орнынан түсуi туралы мәлiмдеуге хақылы. Үкiмет жүргiзiп отырған саясатпен келiспейтiн немесе оны жүргiзбей отырған Үкiмет мүшелерi де орнынан түседi.
  2. Республика Конституциясында көзделген жағдайларда Парламент Мәжілісі немесе Парламент Үкiметке сенiмсiздiк бiлдiретiн болса, Үкiмет өзiнiң орнынан түсуi туралы Республика Президентiне мәлiмдейдi. Республика Президентi орнынан түсудi қабылдау немесе қабылдамау туралы мәселенi он күн мерзiмде қарайды.
  3. Орнынан түсудi қабылдау Үкiметтiң немесе оның тиiстi мүшесiнiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi. Премьер-министрдiң орнынан түсуiн қабылдау бүкiл Үкiметтiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi.
  4. Үкiметтiң немесе оның мүшесiнiң орнынан түсуi қабылданбаған ретте, Президент оған өз мiндеттерiн одан әрi жүзеге асыра берудi тапсырады.

6-бап. Республика Президентiнiң бастамасымен Республика Үкiметiнiң өкiлеттiгiн тоқтату

  1. Республика Президентi өз бастамасымен Үкiметтiң өкiлеттiгiн тоқтату туралы шешiм қабылдауға және оның кез-келген мүшесiн қызметiнен босатуға хақылы.
  2. Премьер-министрдiң қызметiнен босатылуы бүкiл Үкiметтiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi.

     2-1. Үкiмет жүргiзiп отырған саясатпен келiспейтiн немесе оны жүргiзбей отырған Үкiмет мүшелерi атқарып келген қызметiнен босатылуға тиiс.

Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан Үкіметінің отставкаға кетуіне қатысты түсінік берді.

«Үкіметке қатысты айтар болсам, біздің заңнамамызға сәйкес ол отставкаға кетуі тиіс. Сайлау аяқталғаннан кейін таяу уақытта премьер-министрдің, сонымен қатар Үкімет мүшелерінің кандидатуралары бойынша депутаттардың жаңа құрамымен, фракция басшыларымен кеңесу үшін Парламентке барамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетсек, Президент 15 қаңтарда үндеу жасайды.

«Реформалар дайындалып жатыр. Реформалар тоқтап қалмауы тиіс. 15 қаңтарда Парламентте сөз сөйлеп, оның ішінде Мәжілістің жаңа құрамына да үндеу жасаймын. Одан кейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы өтіп, онда реформалар мәселесіне қатысты өте салмақты әңгіме қозғалады», - деді.