Түркиядағы отандастарымыз коменданттық сағаттан босатылды

Еліміздегі сайлау алыс-жақын мемлекеттерде де өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы орайда әлемнің 54 елінде 66 сайлау учаскесі ашылған. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, онда шамамен 11 мыңнан астам азаматымыз дауыс бермекші. Аталмыш мемлекеттердің бірі – Түркия Республикасы. Қазір бізбен тікелей байланысқа осы елдегі меншікті тілшіміз Меруерт Қанағат шығып тұр.

Диктор:

- Меруерт, қайырлы күн. Жалпы Түркияда қанша сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Дауыс беруші азаматтардың саны қанша?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Қайырлы күн, Азамат! Шет елде отандастарымыздың шоғырланған жерлерінің басында осы Түрік елі. Сондықтан елде 3 сайлау учаскесі құрылды. Олар Анкара, Ыстамбұл мен Анталияда орналасқан. Сайлау орталықтарында осы елде тұратын немесе ұзақ мерзімді іссапарда жүрген және республика азаматының жарамды паспорты бар барлық Қазақстан азаматтары дауыс бере алады. Біз де осы Анкарадағы сайлау учаскесіне таңсәріден келдік. Дауыс беру орнында мамандар таңғы 07:00-ден қызу жұмысқа кірісіп кеткен екен. Сайлау учаскесі кіреберісінде волонтерлер кезекшілікпен термометр арқылы келген азаматтардың температурасын өлшеп тұр. Сайлаушылардың қозғалыс бағыты бойынша арақашықтық сақтау жөнінде нұсқаулықтар ілінген. Әрбір келуші маска тағып, қолғап киюге міндетті. Сондай-ақ дауыс берушілер бір рет қолдануға арналған қаламдар қолданады. Айта кетейік, Түркияда сенбі-жексенбі күндеріне сыртқа шығуға тыйым салынған. Бірақ бүгін елдегі эпипдахуалға байланысты енгізілген коменданттық сағаттан азаматтарымыз босатылған. Олар Түркия аумағында белгіленген 3 сайлау учаскелерінде еш кедергісіз дауыс беруге барып-келуге түрік тарапының құзырлы мекемелерінен тиісті рұқсаттар алынған. Қазақстан азаматтары үйлерінен тыс жерлерде паспорттары мен алдын ала алынған рұқсат қағаздарын көрсетулері тиіс.

Айдос Қыдырма, Сайлау комиссиясының жетекшісі:

- Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігі жанында құрылған №286 сайлау учаскесі барлық санитарлық талаптарды орындап, сайлаушыларды қабылдауда. Алдымен Түркиядағы дипломатиялық миссияның отбасылары, студенттер, одан кейін халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін қазақстандық азаматтар дауыс беруде.

Арман Нұрмұхаммед, ТҮРКСОЙ қызметкері:

- Мен бұған дейінгі сайлауларға да үзбей қатысып келдім. Бұрын Қазақстанда тұрған болсам, қазіргі кезде қызметіме байланысты Түркияда турамын. Сайлау – қоғам үшін айтулы оқиға. Халқымыздың рухын көтеріп, асқақ арманға жетелеп, бір тудың астына біріктіріп, еліміздің беделін әлемдік деңгейге көтеріп, өркениет көшіне қосылуына орасан зор үлес қосып отырған Президентіміздің ұстанып отырған сарабдал саясатын мақтан тұтамын. Мен бугін еліміздің, мемлекетіміздің, балалардың болашағы үшін дауыс беруге келдім. Сондықтан да бұл сайлау казак елінің одан əрі ілгерілеуіне белгілі бір деңгейде қозғау салады деп ойлаймын.

Диктор:

- Ауруханаларда немесе жүріп-тұруға мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған ба? Себебі, емін сол түрік медицина мекемелерінде жалғастырып жатқандар бар.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Сұрағыңыз орынды. Үш сайлау учаскесінде де осы жағдайдағы азаматтардың дауыс беруіне мүмкіндік жасалған. Тек жергілікті уақытпен түскі 12:00-ге дейін дауыс беру орындарына өтініш білдіру қажет. Сайлау комиссиясы жетекшісінің айтуынша, әрбір сайлау орталығында арнайы көлік пен тасымалданатын жәшіктер және мүгедек арба-креслолары дайындалыпты.