Шетелдік сарапшылар Қазақстандағы парламенттік сайлау туралы қандай пікірде

Қазақстандағы парламенттік сайлауға шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар халықаралық сарапшылар да үлкен ден қойып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың пікірінше, Парламент мәжілісі мен мәслихаттарға сайлау демократияны нығайтып, еліміздің дамуына жаңа серпін береді. Мамандар, сондай-ақ заң шығарушы органда әйелдер мен жастар қатарын көбейту және парламенттік оппозицияны күшейтуге бағытталған қадамдар еліміздің саяси жүйесін нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтады.

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері халық осымен сегізінші рет заң шығарушы органына өзінің үміт артқан өкілдерін сайлағалы отыр.

Халықаралық сарапшылар биылғы саяси доданың ерекше екенін айтады. Посткеңестік қақтығыстар мен саясат жөніндегі британиялық сарапшы Нил Ватсон Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутаттары батыстық демократия үлгісінде таңдалатындығына сенімді. «Саяси партияларды тіркеу үшін қажетті мүше санын 40 мыңнан 20 мыңға дейін азайту пікір алуандығын қамтамасыз етеді», – дейді ол. Ал партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін кемінде 30 проценттік квота енгізу нәзік жандар мен жас буын өкілдерін белсенді етіп, саяси процестерге қатысуға ынталандыратынын айтады.

Нил Ватсон, ұлыбританиялық сарапшы:

– Менің көңілімнен шыққаны, бірқатар конституциялық заңға түзетулер енгізу арқылы парламенттік оппозиция институтын құру мәселесі қолға алынып отыр. Парламенттік оппозиция құқықтарының ауқымы мейлінше кеңейеді. Олар парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығына ие болады. Бұл - тәуелсіз Қазақстан батыстық үлгідегі демократияға бағыт алғандығының белгісі.

БҰҰ-ның Таяу Шығыс бойынша бітімгерлік күштері қолбасшысының кеңесшісі болған танымал француз геосаясаттанушысы Ален Корвез еліміздің сайлау туралы заңның өзгертілуі елдегі демократияны нығайтуға бағытталған қадам екенін ерекше атап өтті. «Нәтижесінде заң шығарушы органның тиімділігі артады түседі», - дейді сарапшы.

Ален Корвез, Халықаралық стратегия бойынша сарапшы:

– Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері бейбіт жолмен дамып, демократияны дамытуға күш салып келеді. Саяси және әлеуметтік өмірде де кішігірім қадамдардан бастай отырып үлкен жобаларды қолға алды. Қазіргі сайлау да пікірдің алуан түрлілігін құрметтеуге бағытталған демократияны нығайтуды көздейді.

Ал Түркияның Сахипкиран стратегиялық зерттеу орталығының басшысы заңгер Месут Эмре Қаракөсенің айтуынша парламенттік сайлау Қазақстанның саяси тарихы тұрғысынан маңызды. Бұл жолғы дода арқылы саяси транзит қорытындысы айқындалмақ. Түркия да тап осындай реформалар нәтижесінде парламентте көп партиялық басқаруға өткен.

Месут Эмре Каракөсе, Сахипкиран стратегиялық зерттеу орталығының басшысы:

– Бұл сайлаудың маңызы зор. Саяси партиялар мен сайлау заңына елеулі өзгерістер енгізілді. Дода демократияландыру реформалары мен саяси реформалардың нәтижесін көрсететін сайлау болмақ. Түркия Республикасы да құрылған кезінде тап осындай реформаларды жүзеге асырды. Ұлт көсеміміз Мұстафа Кемал Ататүрік билігі тұсында бір партиялық басқару болды. Кейінірек, мәжілісіміз көп партиялық басқару жүйесіне өтті. Әрине, бұл бірден болған жоқ. Ұзақ мерзімді реформаның нәтижесінде жүзеге асты.

Халықаралық сарапшылар партиялар уәкілдігі кеңейгендіктен парламент жұмысы жанданатынына сенімді. Бірақ қазіргідей күрделі кезеңде жаңадан жасақталатын парламент Мәжілісі алдында әлемнің өзге елдеріндегідей мемлекетіміздің экономикасы мен халықтың әл-ауқатына ауыр соққы болып тиген коронавирустың салдарымен күресу міндеттері тұрғанын айтады. Сондықтан азаматтардың белсенділік танытып, өз таңдауын жасауының маңызы зор дейді.

Авторлар: Дәурен Ақашұлы, Ғалымжан Қараманұлы, Әлия Сыздықова және Меруерт Қанағат

Сондай-ақ...