Сайлау: Халықаралық байқаушы қауіпсіздік шараларының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтты

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Байқаушылар миссиясының өкілдері Павлодар облысында сайлау жоғары ұйымшылдықпен өтіп жатқанын атап өтті, деп хабарлады «Хабар 24».

Олар әсіресе сайлау учаскелеріндегі тазалық ережелерінің қатаң сақталуына мән берген. Ол сайлаушылар мен сайлау комиссияларының мүшелеріне бірдей қойылатын ортақ талаптар. Қазір өңірде 9 халықаралық байқаушыдан құралған екі топ жұмыс істеп жатыр. Сайлаудың өту барысын саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың байқаушылары да бақылауға алған. Қазіргі сағаттарда облыс тұрғындарының 14 проценттен астамы дауыс беріп үлгерді.     

Юрий Назаренко, ТМД Байқаушылар миссиясының өкілі:

– Әзірге ешқандай заң бұзушылық байқалған жоқ. Біз комиссия төрағасымен сөйлестік. Шағым түспеген. Мен қауіпсіздік шараларының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына ерекше тоқталғым келеді. Қарабалас жоқ. Есіктен кіргендердің бәрінің температурасы өлшеніп, жеке қолдану заттары беріліп жатыр. Барлық комиссия мүшелері қорғаныш құралдарын пайдаланып, жұмыс істеп жатыр.