Отандастарымызға Британиядағы елшілікке барып дауыс беруіне рұқсат етілді

Лондонда және бүкіл Англияда жалпыхалықтық локдаун жарияланған. Бірақ жергілікті билік Тұманды Альбионда уақытша тұрып жатқан отандастарымызға сайлау учаскесі орналасқан Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігіне келіп, дауыс беруге рұқсат етті.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Біз Нұр-Сұлтан уақытынан 6 сағат арттамыз. Яғни Лондонда қазір шанқай түс. Қазақстандықтардың көпшілігі таңертең таңдауын жасап үлгерді. Айта кетейік, локдаун мен қатаң шектеулерге қарамастан дауыс берушілердің географиясы ауқымды. Халық Ұлыбританияның түкпір- түкпірінен ағылуда: Кембридж, Уорик, Эдинбург, Манчестер және әрине Лондоннан. Егер басқа қалалардан келушілер қауіпсіздік шараларын сақтау үшін автобус пен пойыздың орнына көлік жалдап учаскеге жетсе, лондондық қазақтар велосипед теуіп келіп жатыр. Учаскедегілер сайлаудың әділетті әрі ашық және халықаралық стандарттарға сай болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр.

Жанболат Үсенов, №244 сайлау учаскесінің төрағасы:

- Санитарлық талаптарды сақтай отырып, қазақстандықтардың шетелде дауыс беру жөніндегі конституциялық құқығын жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Айта кету керек, Қазақстан азаматтары әдеттегідей белсенділік танытуда. Сайлау учаскесінің ашылғаны туралы ақпарат жарияланған сәттен бастап, 500-ден астам сайлаушы тіркелді. Сонымен қатар сайлауға алдын ала тіркелмеген азаматтардың да қатысуы күтілуде. Сайлаушылардың саны бұдан да көп болуы мүмкін еді. Бірақ өкінішке қарай локдаун кері әсерін тигізді.

Сайлаушылардың көңіл-күйі қалай және нақты қандай санитарлық шаралар қолға алынды?

- Қатаң карантиндік шектеулерге қарамастан халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Лондонда көшеде қазақстандықтарды жиі кездестіре бермейсіз. Сондықтан бәрі бір-бірімен әңгімелескісі келеді. Бірақ әлеуметтік арақашықтық мейлінше сақталып жатыр. Учаскеге кіре берісте дауыс берушілердің температурасы тексеріледі, санитайзерлер барлық жерге қойылған. Маска мен қолғаптар да бар. Тіпті қаламсаптар да пайдаланылғаннан кейін залалсыздандырылады. Өкінішке орай, бұл жылы елшілікте дауыс берушілерге қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылмайды. Өйткені санитарлық талаптарға сәйкес рұқсат етілмеген. Сайлау Лондон уақыты бойынша кешкі 8-де, яғни Нұр-Сұлтан уақытымен түнгі 2-де аяқталады.