АҚШ-тағы қазақстандықтардың Мәжіліс сайлауында дауыс беруі басталады

Елдегі сайлау бүгін шет мемлекеттерде де өтіп жатыр. Қазақстан азаматтарының сайлау құқығын қамтамасыз ету үшін әлемнің 53 елінде 66 сайлау бөлімшесі ашылған. Осылайша шетелде жүрген 11 мыңнан астам отандасымызға таңдау жасауға мүмкіндік берілді. Сонымен шетелде дауыс беру үрдісі қалай өтті?

Әлемде алғашқылардың бірі болып Кореядағы сайлау бөлімшесі ашылды. Таңғы шық еліндегі жалғыс дауыс беру орталығы Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы 4-те жұмысын бастады. Отандастарымыз осы елдегі коронавирустың үшінші толқынына қарамастан, Қазақстан елшілігіне барып, өз таңдауын жасады. Жалпы, елшіліктің мәліметі бойынша, бұл елде бүгінде ресми тіркелген 22 мыңға жуық қазақстандық бар. 

Аделина Алпамыс, студент: 

- Мен Қазақстанның да, Оңтүстік Кореяның да саяси өмірін бақылаймын. Енді мен әрине Оңтүстік Кореяның саяси және халықаралық өміріне ерекше назар аударамын. Себебі мен осындамын. Сондай-ақ мен өз Отанымды ұмытпаймын, өйткені 2019 жылы жаңа Президент сайланды. Қазақстанда соңғы кездері даму қарқынды жүруде. Мен болашақта еліміз Кореяның даму деңгейіне жетеді деп сенемін. 

Қытайдағы азаматтарымыз Бейжің, Шанхай және Гонконгта орналасқан сайлау бөлімшелерінде дауыс берді. Бұл орталықтар Қазақстан елшілігі мен бас консулдықтар жанынан құрылған. Бөлімшелер жергілікті уақыт бойынша сағат 7-де ашылды. Дауыс берушілер өз таңдауын емін-еркін жасауы үшін барлық санитарлық нормалар қатаң сақталған.

Төлеген Бурахан, №257 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:

- Бейжіңдегі сайлау учаскесінде алдын-ала сайлау өтетін алдында сайлау өтетін орнын желдетіп, дезинфекция жұмыстары жүргізілді және сайлау кезінде дезинфекция жұмыстары әр бір жарым сағат сайын жүргізілуде. Сайлау орнына кіргеннен кейін әлеуметтік дистанция сақтау бойынша бір жарым-екі метр аралығында сайлау бөлмесіне шақырылады. 2020 жылы 29 желтоқсан Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №69 қаулысы бойынша барлық іс-шаралар өткізіліп жатыр.

Ал Ресейдегі отандастарымыз үшін 5 сайлау бөлімшесі ашылды. Оның бірі Мәскеудегі Қазақстан елшілігінде, қалғаны Астрахань, Омбы, Санкт-Петербургте және Қазан қаласындағы еліміздің Бас консулдығында орналасты. Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты сақтық шараларына ерекше көңіл бөлінген. Азаматтардың бәріне әлеуметтік арақашықтықты сақтау ескертілді. Бұдан бөлек ғимаратта зарарсыздандыру жұмысы әр сағат сайын жүргізілді. 

Еркін Тұқымов,  №265 сайлау учаскесінің төрағасы:

- Қазақстан Республика Парламенті Мәжілісінің депуттатарын сайлауы Ресей Федерациясының эпидемилогиялык талаптарына сай өтуде. Атап айтқанда сайлау учаскесінде температуралық бақылау бар, барлық сайлаушылар қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген.

Уақыт айырмашылығына байланысты Парламент депуттарының сайлауы шетелдерде әлі де жалғасып жатыр. Соның бірі Бельгия.

Ерболат Сембаев, Брюссель қаласындағы №241 сайлау учаскесінің төрағасы: 

- Бүгінгі сайлаудың басты ерекшелігі – әрине пандемияға байланысты. Пандемияға байланысты орталықтан бізге деректер келіп, сол деректер бойынша учаскесін ашып, дайындап қойып, бүгін міне сайлау өткізіп жатырмыз. Әлеуметтік арақашықтық сақтау, санитайзерлерді қолдану, сайлаушыларымызғы ыңғайлы болсын деп, осының бәрін дайындап қойдық. Біздің тізіміміз бойынша 204 сайлаушы. Бірақ енді белгілі жағдайға, мына пандемияға байланысты қаншасы келетінін әзірше айта алмаймыз. Бірақ енді азаматтық белсенділігін танытады деген сенімдеміз.

Ал мұхиттың арғы бетіндегі Америкада дауыс беру үрдісі енді ғана басталды. Қазақстандықтар өз таңдауын жасауы үшін Құрама Штаттарда екі сайлау бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Бас Консулдықтың мәліметі бойынша сайлауға Нью-Йоркте оқып жатқан студенттер, дипломаттардың отбасы мүшелері мен ұлттық компанияларда жұмыс істейтін азаматтар қатысады.