АҚШ-тағы Қазақстан азаматтарына арналған сайлау учаскелері ашылды

Уақыт айырмашылығына байланысты Парламент Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауы шетелдегі сайлау бөлімшелерінде әлі де жалғасуда. Бүгінгі сайлау барысы қалай?

Талғат Алман, тілші:

- Шындығында да Қазақстан мен АҚШ арасындағы уақыт айырмашылығы 11 сағатты құрайды. Қазір жергілікті уақыт бойынша сағат тілі оннан асты. Таңғы сағат жетіден бері Қазақстанның Вашингтондағы Елшілігі мен Нью-Йорк қаласындағы Бас Консулдығы жанынан құрылған екі сайлау учаскесі жұмысын бастады.

Біз таңсәріден бері Бас Консулдықтағы N250 сайлау учаскесінде дауыс беру барысын бақылаудамыз. Бірден айту керек, Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы алғаш рет пандемия уақытында өтіп жатқандығы сайлаушылардың белсенділігіне де әсер етеді. Дегенмен, Бас Консулдықтың ақпараты бойынша сайлау орталығына кешкі сағат 8-ге дейін 150 жуық отандасымыз келіп, Конституциялық құқығына сай дауыс береді деп күтілуде.

- Сіз тұрған сайлау учаскесіндегі санитарлық жағдайға қатысты не айтасыз? Ол елде пандемия уақытындағы дауыс беру қалай өтіп жатыр?

Өздеріңіз білетіндей АҚШ-тағы ковидпен ауырғандардың саны күн санап артып келеді. Қазіргі уақытқа дейін 22 милионнан астам америкалық қатерлі індетті жұқтырып, қайтыс болғандар саны 372 мыңға жетіп отыр. Демек жағдай өте күрделі. Сол себепті біз тұрған сайлау учаскесіндегі сақтық шаралары да барынша сақталуда. Мәселен, мұнда келген кез-келген дауыс берушінің алдымен дене температурасы өлшеніп, маска тағы жіті бақылауға алынады. Алда жалда, бұл нормалар бұзылса дауыс беру орталығына кіргізілмейді. Осыдан бірнеше минут бұрын біз осы және өзге де санитарлық сұрақтар бойынша бақылау комиссиясының төрағасынан сұрап білген едік. Жауабын тыңдап көрейік.

Алмас Нұржанов, сайлау комиссиясының төрағасы:

- Бұл сайлау учаскесі Нью-Йорк қалаларында орналасқандықтан Қазақстан үшін ең алыс нүкте болып табылады. Және де сайлау учаскесі ең соңғы болып жабылады. Жалпы мұнда 200 жуық қазақ жастары тіркелген. Жалпы осы учаскеде барлық санитарлық гигиеналық талаптар орындалуда. Сайлаушылардың талпыныстары жоғары. Таңертеңнен бері бірнеше адам келіп, дауысын берді. 

Сондай-ақ Бас Консулдықтың мәліметі бойынша әдетті сайлауға Нью-Йоркте оқып жатқан студенттер, дипломаттардың отбасы мүшелері және де ұлттық компанияларда жұмыс істейтін отандастарымыз қатысады екен. Алайда пандемия уақытына байланысты олардың дені Қазақстанға қайтып кеткен көрінеді. Дегенмен, өздерінің саяси құқығы мен азаматтық борышын атқарамын деген кез келген Отандасымыз Қазақстанның Вашингтондағы Елшілігі мен Нью-Йорктегі Бас Консулдығына барып, кешкі сағат 8-ге дейін өз дауыстарын бере алатын тағы бір рет естеріңізге сала кетейік.