АҚШ жеріндегі қазақстандықтар дауыс беруді жалғастыруда

Қазақстан мен Құрама Штаттар арасындағы уақыт айырмашылығына байланысты АҚШ-та әлі де парламенттік сайлау жалғасып жатыр.

Отандастарымыз Вашингтон мен Нью-Йоркте ұйымдастырылған екі сайлау бөлімшесінде дауыс беруде. Сайлау орталықтары жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 8-ге дейін жұмыс істейді. Нью-Йорктегі Бас Консулдықтың мәліметі бойынша сайлауға осы қалада оқып жатқан студенттер, дипломаттардың отбасы мүшелері және де ұлттық компанияларда жұмыс істейтін қазақстандықтар қатысады.

Алмас Нұржанов, сайлау комиссиясының төрағасы:

- Бұл сайлау учаскесі Нью-Йорк қалаларында орналасқандықтан, Қазақстан үшін ең алыс нүкте болып табылады. Және де сайлау учаскесі ең соңғы болып жабылады. Жалпы мұнда 200 жуық қазақ жастары тіркелген. Жалпы осы учаскеде барлық санитарлық гигиеналық талаптар орындалуда. Сайлаушылардың талпыныстары жоғары. Таңертеңнен бері бірнеше адам келіп, дауысын берді.