Сайлау 2021: бейпартиялық байқаушылар 11 заңбұзушылықты анықтады

Бейпартиялық байқау орталығы Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауы кезінде 11 заңбұзушылықты анықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басым бөлігі техникалық сипатта болған. Бұл туралы орталық басшысы Бану Нұрғазиева мәлімдеді. Петропавлда байқаушылардың бірі сайлау учаскесінде түсірілген фотосурет пен бейнежазбаларды жариялаған. Оның мұндайға заң бойынша құқығы жоқ дейді Бану Нұрғазиева. Ал Жаңаөзен қаласында мас күйдегі азамат дауыс беріп болған соң, бюллетень жәшігін әдейі сындырып тастаған. Сондай-ақ Ақтөбеде белгісіз азаматтар өздерін сайлау комиссиясының мүшесі немесе байқаушы ретінде таныстырып, бөлімшеге кірмек болған. Оралда да байқаушылардың бірі сайлау комиссиясына өрескел мінез-құлық көрсеткен.

Бану Нұрғазиева, сайлауды бейпартиялық байқау орталығының басшысы:

– Орталықтың бүгін жұмысы бітпейді. Дайындықтан бастап біз есеп дайындап жатырмыз. Менің қолымда барлық ауди-видео версиялар бар. Есептің аяқ жағында қандай ұсыныстарымыз бар, әлі де бірқатар заңнамаға қосу керек екен. Оны көріп отырмыз. Енді соны әрбір бұқаралық ақпарат құралдарына, елшіліктерге жіберуге тырысамыз.