Халықаралық байқаушылар: Сайлау ашық әрі әділ өтті

Халықаралық байқаушылар сайлаудың ашық және заңға сай өткенін айтады.

Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына барлығы 398 байқаушы келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың 322-сі түрлі халықаралық ұйымның мүшелері. Одан бөлек, 31 мемлекеттен келген 76 байқаушы сайлау барысын бақылап жүрді. Орталық сайлау комиссиясында өткен жиында халықаралық байқаушылар сайлауды ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалады.

Виктор Бондарев, халықаралық байқаушы:

- Біз байқаушылар ретінде өз қызметімізді еш кедергісіз, Қазақстаннның заңдары аясында атқардық. Сайлау ашық әрі әділ өтті. Демократиялық сайлау өткізудің жалпыға ортақ қағидалары мен Қазақстан Конституциясы және сайлау туралы заңына сәйкес ұйымдастырылған. Сайлаушылардың еркін таңдау жасауына жағдай жасалды.

Елена Афанасьева, халықаралық байқаушы:

- Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істеген бірнеше күн ішінде байқағанымыз, сайлаушылардың байқаушыларға деген құрметі. Әсіресе, халықаралық байқаушы екеніңді білсе, ерекше ілтипат білдіреді. Сайлау учаскелерінде байқаушы көп отырды. Таң қалдық деп айтуға болады. Байқаушылардың ішінде жастар мен әйел адам көп. Олардың саяси белсенділігі қуантады.