419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мәжіліске ҚХА атынан тоғыз депутат сайланды

  • 165
  • UPD: 18:40, 11.01.2021

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVIII сессиясында Парламент Мәжілісіне ұйым атынан депутаттар сайланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін Ассамблеядан төменгі палатаға 9 кандидат ұсынылған еді. Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында үміткерлерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Ассамблеяның өзге де мүшелері дауыс берді.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Білеміз, Мәжіліс 107 депутаттан тұрады. Оның 98-і саяси партиялардан, 9-ы Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланады. Осыған орай 2020 жылдың 11 желтоқсанында Ассамблеяның Кеңесі Мәжіліске баратын 9 кандидатты ұсынған еді.

Сол кандидаттарды депутатыққа сайлау үшін бүгін Ассамблеяның XXVIII сессиясы өтті. Ұйым мүшелері үміткерлерге дауыс берді. Бейбітшілік және келісім сарайына Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келіп, дауыс берді.

Елбасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнайы сұхбат та берді. Сайлаудың һәм өзі құрған ірі де іргелі ұйымның маңыздылығын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚХА Төрағасы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Құрметті қазақстандықтар, кешеден бері келесі 5 жылдыққа бағдарламамыздың бәрін бекіткен үлкен сайлау болды. Бүгін міне, біз Конституциямыз бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 кандидатқа дауыс бердік. Ассамблеямыз 25 жылдан бері қарай елдің ішіндегі көп этностарды жақындастыратын, елімізді алға жетелейтін бірегей орган болып келе жатыр. Ассамблеядан сайланған біздің депутаттарымыз елдің бірлігін сақтап, халықтың, әр этностардың құқығын сақтап, қазақ халқының төңірегінде барлық халқымызды біріктіретін осындай бір ұйым болып саналады.

Баршамызға мәлім. Биылғы сайлау қиын жағдайда өтті. Әлемді індет жайлады. Осы орайда Елбасы; «біз бұл дағдарысты да еңсереміз»,- деді.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚХА Төрағасы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Бейбітшілік және келісім сарайына келіп, Мәжіліске баратын Ассамблея мүшелеріне дауыс берді. 9 депутаттың әрбіріне де артылар сенім зор. Татулықтың ұйымынан сайланған депутаттар ендігі жерде де сол басты құндылығымыз – бірлік пен достықты бекемдеуде аянып қалмауы тиіс.

Елбасы мен Мемлекет басшысы және Ассамблеяның өзге де мүшелері дауыс берген соң көп кідірмей нәтижесі де жарияланды. Белгілі болғандай, дауыс беруге 351 адам қатысты. Сонымен, Ассамблея атынан Мәжіліске өткен 9 депутаттың ішінде ең көп дауыс жинаған – Сауытбек Абдрахманов. Ол 298 адамның даусына ие болды. Өзгелері де 270-ден кем дауыс алған жоқ. Осылайша, 9 үміткердің бәрі де енді Парламентке барады. 

Авторлары: Қорған Төреқожа, Жандос Битабаров, Айдос Меделбеков

Хабар 24 телеарнасы