Елбасы: Жаңа адамдар Парламенттің қызметіне тың серпін береді

Бүгін «Nur Otan» партиясының Төрағасы Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының тиімді жұмысын қамтамасыз ететін негізгі деген үш міндетті атады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нұрсұлтан Назарбаев жетінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының жетекшісі қызметіне Нұрлан Нығматулинді ұсынды. Депутаттар Елбасы ұсынысын бірауыздан қолдады. Отырыс барысында Мәжілістегі басшылық лауазымдарға кандидаттарды ұсыну бойынша фракцияның ортақ ұстанымы әзірленді. Сонымен қатар Елбасы болашақ Премьер-министрдің кандидатурасына қатысты пікір білдірді.

Дархан Әбдуахит, тілші:

- Халықтың сенімін ақтау. Бұл – өте маңызды міндет. Бұл үлкен жауапкершілік. «Nur Otan» төрағасы өз сөзін осылай бастады. Фракция депутаттарын Парламент сайлауындағы жеңісімен құттықтай отырып, Нұрсұлтан Назарбаев сайлауалды бағдарламада жазылған мақсаттарға жету үшін депутаттар барлық күш-жігерін жұмсауы керек деп баса айтты.

Партияның сайлауалды тұғырнамасы ауқымды. 2025 жылға дейінгі уақытты қамтыған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа – лайықты өмір!» деп аталатын бағдарлама әбден есептелген, елдің мұң-мұқтажы дерлік ескерілген құжат. «Әр азаматқа өз әлеуетін жүзеге асыру үшін тең мүмкіндік беру, саламатты зияткер ұлт қалыптастыру, экономика мен өңірлердің орнықты дамуы және есеп беретін, «халық үніне құлақ асатын» мемлекет және жауапты азаматтар» деп жіктелген төрт тарауда нақты істер айқын көрсетілген. Фракция отырысында Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтің әл-ауқатын жақсарту мен елдің орнықты дамуын қамтамасыз етудегі «Nur Otan» жұмысының нәтижелерін атап өтті.

Қазір күрделі кезең. «Әсіресе, пандемия уақытында жауапты сәтте елдің болашағы жарқын болуы үшін тиісті жұмыс жасалып жатыр», - деді Елбасы. Қиындықты еңсерудің қамы қарастырылды.

«Партия бағдарламасы – қолға алынған реформалардың заңды жалғасы». Былтыр қарашадағы съезде Нұрсұлтан Назарбаев осылай деп баға берген. «Nur Otan» уәдесіне берік. Өткен бес жылдың ішінде берген уәденің басым бөлігі орындалғанын Елбасы сол съезде нақты айтқан. Фракция жиынында партия төрағасы Мәжілістің өткен шақырылымының жұмыс нәтижелеріне тоқталды. Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері қоян-қолтық жұмыс істегенін атап өтті.

Бұл жолы депутаттар құрамы біршама өзгерді. Елбасы: «жаңа адамдар жаңа идея әкеледі және Парламенттің қызметіне тың серпін береді», деп санаймын деді.

Елбасы атаған екінші мәселе - депутаттар бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына бақылауды күшейтуге тиіс. Әр депутат белгілі бір аймаққа жауапты болады. Осылай өңірлердегі мәселелерді шешу жүйелі тұрде қолға алынады. «Біздің депутаттар өзекті мәселелерге ең бірінші болып мән беріп, жай-жапсарын түсіндіріп, мәселенің шешімін ұсынуы тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Отырыс барысында «Nur Otan» партиясының Төрағасы VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының жетекшісі қызметіне Нұрлан Нығматулинді ұсынды. Депутаттар Елбасы ұсынысын бір ауыздан қолдады.

Отырыс барысында Мәжілістегі басшылық лауазымдарға кандидаттарды ұсыну бойынша фракцияның ортақ ұстанымы әзірленді. Мәжіліс Төрағасының орынбасарлары қызметіне Павел Казанцев пен Балайым Кесебаева және комитет төрағалары  ұсынылды.

«Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясы әрдайым Парламенттегі жетекші саяси күш болып келеді. «Алдағы уақытта да солай боларына сенімім мол», - деп Елбасы жиынды түйіндеді.

Авторлары: Дархан Әбдуахит, Айдос Ентекбеков, ПТК көмегімен