Мәжіліс құрамы 70%-ке жаңарды

Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісінің VII шақырылған депутаттарын тіркеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Заң шығарушы орган құрамына енген 3 саяси партия өкілдері мен Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған 9 депутат тиісті куәлік пен төсбелгіге ие болды. Сайлау қорытындысы бойынша хаттама бірнеше күн бойы дайындалып, комиссия қарауына ұсынылған. Ұзын саны 107 депутатты тіркеу жөнінде арнайы қаулы қабылданды.

Жетінші шақырылған Мәжіліс депутаттары 3 партиядан құралды. «Ақ жол», «Nur Otan» және «Қазақстан халық партиясы». Үш ұйымға дауыс беру қорытындысы бойынша депутаттық мандаттар үлестірілді. Саяси партиялар алдағы 5 жыл бойы еліміздің заң шығару ісіне жауапты болады.

Халық қалаулысы деген атты алып жүру кімдерге жүктелді? 107 мәжілісменнің 32-сі бұған дейін де Төменгі палата құрамында болды. Яғни, Мәжіліске қайта келіп отыр. Заң шығару ісінде тәжірибелері бар. Ал 75 депутатқа бұл мүлде жаңа жауапкершілік жүктейді.

Марат Башимов, саясаттанушы:

- Партиялар заңда жазылған квота ережесіне сай әйелдер мен жастарды көбірек тартқан. Мәселен, «Nur Otan» өзіне тиесілі мандаттың 32%-ін әйелдерге берді. «Ақ жолда» бұл көрсеткіш 17%, ал Қазақстан халық партиясында 20%-ке жетті. Сөйтіп, Мәжілістегі әйелдердің үлесі 27%-ті құрады.

Марат Башимов, саясаттанушы:

- Мәжілісмендердің орташа жасы – 49. Бұл жолы ең егде жастағы депутат – Сауытбек Әбдірахманов 69 жасында Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланды. Ал ең кішісі – Мәди Ахметов. «Nur Otan» партиясының өкілі 25 жасында Мәжіліс мандатына ие болды. Жалпы палата құрамында қазақтардың үлесі 76%, қалғанын өзге этнос өкілдері құрайды.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Жаңадан сайланған депутаттардың көбі бизнестен келген. Қоғамдық ұйым, кәсіподақ, медиа, мемлекеттік қызмет және квазимемлекеттік секторда жұмыс істегендер де бар. Енді олар халық қалаулысы. Елдің мәселесін көтеріп, билік пен бұқара арасын алшақтатып алмауы тиіс. 70%-ке жаңарған Мәжіліске артылар ең басты жауапкершілік осы.

Авторы: Рауан Мыңбаев