Н.Нығматулин Мәжіліс төрағасы болып сайланды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы болып Нұрлан Нығматулин қайта сайланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дауыс беру жасырын өтті. Нәтижесінде Мәжіліс төрағасына үміткер Нұрлан Нығматулинді дауыс беруге қатысқандардың барлығы бірауыздан қолдады. Өз кезегінде Нұрлан Нығматулин депутаттарға алғысын білдіріп, өзіне артылған сенімді ақтауға бар күшін салатынын жеткізді.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Ең алдымен мені тағы да осы жоғары лауазымды қызметке Мәжіліс төрағасы ретінде сайлағандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Ең біріншіден, бұл мен үшін өте үлкен жауапкершілік. Сондықтан әрқашан да Елбасымыз Нұрсұлан Әбішұлы Назарбаевтың және Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзіме жүктеген міндеттерін жоғары деңгейде орындау үшін сіздердің және біздің сайлаушылардың сенімдерін ақтау үшін мен барлық жинаған білімді, тәжірибемді жұмсайтын боламын.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары болып Балайым Тоғанбайқызы мен Павел Казанцевтің кандидатурасы ұсынылды және бірауыздан қолдау тапты.

Жиында Мәжілістің жетінші шақырылымының комитеттері белгіленді. Заң бойынша Мәжілістің тұрақты комитеттерінің саны жетеуден аспауы керек. Алтыншы шақырылымда жұмыс істеген комитеттер осы жолы да өзгеріссіз қалды. Олар: Аграрлық мәселелер комитеті, Әлеуметтік мәдени даму комитеті, Заңнама және сот құқықтық реформа комитеті, Қаржы және бюджет комитеті, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті. Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитеті, сондай-ақ Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті.