Үкімет пен Мәжілістің жаңа құрамы халықтың әл-ауқатын жақсартуы керек – Президент

Мемлекет басшысы Мәжіліс депутаттарының келісімімен Асқар Маминді Қазақстан Республикасының премьер-министрі қызметіне тағайындады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тиісті Жарлық Ақорданың ресми сайтында жарияланды.

Президент Мәжілістің пленарлық отырысының алдында фракциялардың жетекшілерімен кездесті. Кандидатураны талқылады. Кейін Мәжілістің отырысына қатысып, Асқар Маминнің кандидатурасын премьер-министрлікке ұсынды.

Президент ұсынысы қолдау тапты. Дауыс беруге төменгі палатаның 99 депутаты қатысып, 78-і Мемлекет басшысының ұсынысын құптады. Ал 21 депутат қалыс қалды. Көпшіліктің келісімін алған соң Мемлекет басшысы Асқар Ұзақбайұлы Маминді Қазақстан Республикасының премьер-министрі қызметіне тағайындады. Тиісті Жарлық Ақорданың ресми сайтында жарияланды. Атап өтейік, Асқар Мамин 2019 жылдың ақпан айынан бері осы қызметте. Оған дейін премьер-министрдің бірінші орынбасары, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының президенті, елорда әкімі, Көлік және коммуникация министрі болған.

Осы отырыста Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылап, атқарушы биліктің пандемия салдарынан болған жаһандық дағдарыс жағдайындағы іс-әрекетіне баға берді.

Сондықтан болар, бізде жұмыссыздықтың жаппай көбеюіне жол берілмеді. Елдегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер мен қаржы жүйесі де тұрақты. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Ендігі жерде Үкімет пен Мәжілістің жаңа құрамы экономиканың ұзақ мерзімді өсімін қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын жақсартуға баса көңіл бөлуі керек. Ал өз кезегінде бүгін тағайындалған премьер-министр он күн ішінде Президентке Үкімет құрамын ұсынуы тиіс.

Қорған Төреқожа