ҚР Президенті ЕАЭО елдерінің басшыларына үндеу жасады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің басшыларына үндеу жасады.

Биыл бірінші қаңтарда бұл интеграциялық бірлестікке Қазақстанның төрағалығы басталды. Өткен 5 жылда одақ тиімді әрі тартымды жоба екенін дәлелдеді. Соған қарамастан коронавирус пандемиясы әлем экономикасы мен қаржы нарықтарына кері әсер етті. Президент осы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, халықаралық ықпалдастық амалдарын қайта ойластыру қажеттігін ұсынды. Еуразиялық экономикалық одақ ең алдымен өнеркәсіптік кооперацияға жаңа дем беруі керек. Ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету секторында бірлескен кәсіпорындар құрылғаны жөн. Бұған қоса кең ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға Еуразиялық даму банкінің мүмкіндігін кеңінен пайдалану қажет. Одаққа Қазақстан төрағалық ететін жылы өзара тауар айналымын арттырып, ортақ нарықтағы кедергілерді жою да көзделіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл қабылданатын шешімдер Одақ нарығында бәсекеге қабілетті тауар өндірісіндегі кооперацияға жағдай жасайды. Барлық мемлекеттің шикізаттық емес экспортын ұлғайтады. Қалыптасқан жағдайда өзара тауар айналымына кедергі болған жайттарды азайту да негізгі міндет.

Қазір одақ елдеріндегі бизнес құрылымдар Еуразиялық экономикалық комиссия тарапынан әлі де болса батыл шешімдер күтуде. Мемлекет басшысы осы кемшілікті атап, аталған құрылымға белсенді жұмыс істеп, жаңа кедергілердің алдын алуға шақырды.

«Тауар еркін тасымалданып, қызмет, капитал және жұмыс күшінің қозғалысына жағдай жасау керек», - деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі Қорғас шекаралық аймағының мүмкіндігі мол екенін атап өтіп, Қытаймен сауданы арттыруға жағдай жасалғанын жеткізді. Сондай-ақ Өзбекстанмен байланысты нығайтуға тікелей жол бар. Бұл ұсыныстар одақ елдерінің мүддесіне сай келетіні де атап өтілді. Қасым-Жомарт Тоқаев «цифрландыру ісі де қолға алынуы тиіс маңызды бағыт» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Трансшекаралық және логистикалық хабтардың мүмкіндігінен толық пайдалану қажет. Бұл саладағы әріптестік сауда-экономикалық байланысты нығайтады. Осы ретте, «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен өзара тиімді жобаларды жандандыруды ұсынамыз. Еуразия транзиттік бағыты Еуропа мен Азия арасындағы сауда үшін бәсекеге қабілетті әрі тартымды болуы тиіс.