Мәжіліс депутаттарының алғашқы жұмыс отырысы өтті

Бүгін жаңадан сайланған Мәжіліс депутаттарының алғашқы жұмыс отырысы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға кіріспес бұрын төраға Нұрлан Нығматулин жетінші шақырылымның негізгі мақсаттары мен міндеті туралы айтты. Яғни Әлеуметтік экономикалық, құқықтық саяси бағыттарға басымдық беріледі. Елде іскерлік белсенділікті арттырып, бәсекелестікті әділ жүргізуге бағытталған, салық кодексі қаралып, сондай-ақ жаңа әлеуметтік кодекс жасалады. Кәсіпкерлікті заң тұрғысынан қолдау механизмдерін де жүйелеу керек. Өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған «Өндірістік саясат» туралы заң жобасы талқыланады. Бұл заңдарды дайындау барысында Парламент палаталары мемлекеттік органдармен, сарапшылармен, азаматтық қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыса жұмыс істейді.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сессияның ашылуында депутаттардан сапалы заңдар талап ететінін ерекше атап өтті. Ол заңдар ең алдымен халықтың өмір сапасын, білім, денсаулық салаларын жақсартуға, әлеметтік қамтамасыз етуге, шағын және орта бизнесті қолдауға ықпал етуге тиіс. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – жоспарға сәйкес өз уақытында халыққа қажетті пайдалы заңдар қабылдау.