Қазақстан елшісі Түркияның вице-президентімен кездесті

Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы Түркияның вице-президенті Фуат Октаймен кездесті.

Кездесуде екі бауырлас мемлекеттің арасындағы екіжақты және көпжақты стратегиялық ынтымақтастық мәселелері, атап айтқанда, Қазақстан-Түркия үкіметаралық экономикалық комиссиясының 11-отырысында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысы және Комиссияның келесі кездесуінің мерзімі талқыланды. 

Сондай-ақ, алдағы уақытта Түркістанда өтеді деп жоспарланған Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының бейресми Саммиті, екі елдің өзара инвестициялық ынтымақтастығын арттыру жолдары, екіжақты инвестицияны ынталандыру үшін қосымша механизмдерін қарастыру және Қазақстан мен Түркия арасында өзара эспорт-импорттық тиісті келісімшарттарды пысықтау мәселелері де кездесудің басты тақырыптары болды.

Әлемдік сауданың төмендеу үрдісіне қарамастан, екі ел басшыларының тығыз әрі сенімді байланыстарының арқасында сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастар дамуының оң динамикада екенін атап өткен А.Сапарбекұлы үстіміздегі жылы ынтымақтастығымыз бұдан да жақсы көрсеткіштерге ие болатындығына өз үмітін білдірді.

Ф.Октай бауырлас елдер арасындағы сауда көлемін Мемлекет басшылары бекіткен қысқа мерзімде 5 млрд АҚШ доллары межесіне жеткізу бойынша қарқынды жұмыстарды жалғастыру маңызына баса назар аударды.

Кездесу нәтижесінде Қазақстан-Түркия үкіметаралық экономикалық комиссия уағдаластықтарын жедел түрде іске асыру мақсатында жуырда екі елдің тиісті министрліктері арасында бейне жиындар өткізу жоспарлануда.

2020 жылдың 11 айында екі ел арасындағы сауда айналымы 2,8 млрд. АҚШ долларын құрады. Қазақстанға тартылған түркиялық инвестиция көлемі 3 тоқсанда 282,5 млн. АҚШ долларына жетті.